Тоқаев Президент болған 3 жылда саяси реформалар негізгі басымдыққа айналды – Мәулен Әшімбаев

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайланғанына үш жыл толды. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысының негізгі жұмыстары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тоқаев Президент болған 3 жылда саяси реформалар негізгі басымдыққа айналды – Мәулен Әшімбаев

«Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайланғанына үш жыл толды. Осы үш жылда көптеген жұмыс атқарылды деп ауыз толтырып айта аламыз. Ең бастысы – біздің экономикамызды, саяси жүйемізді, әлеуметтік жүйемізді реформалауға арналған нақты шаралар жүзеге асырылуда. Бұған дейін өздеріңіз білесіздер, «Алдымен экономика, содан кейін саясат» деген принциппен жүріп келдік. Бірақ қазір заман басқа, уақыт басқа. Сондықтан, саяси реформаларды жүргізу негізгі басымдыққа айналды және осы бағыттарда көптеген жұмыстар жүзеге асырылғанын білесіздер. 5 маусымда референдум өтті, онда халқымыздың көпшілігі ұсынылған саяси реформаларды қолдап, соған дауыс берді», - деді М. Әшімбаев Сенат отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Сенат төрағасының айтуынша, депутаттардың ендігі маңызды мақсаты – осы конституциялық өзгерістерден туындайтын заңдарды созбай қабылдау.

«Жалпы осы Президентіміздің үш жылында көптеген жұмыстар жасалды. Әсіресе, саяси реформаларын ерекше атап өтуге болады», - деді Мәулен Әшімбаев.

Бұған дейін Мәулен Әшімбаев Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қазіргі саясаттағы рөлі туралы сұрақтарға жауап берген еді.