Қасым-Жомарт Тоқаев Сердар Бердімұхамедовті туған күнімен құттықтады

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы туған күніне орай Сердар Бердімұхамедовке құттықтау жеделхатын жолдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.

Сердар Бердімұхамедов
Фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Сердар Бердімұхамедовтің басшылығымен Түрікменстан дамудың даңғыл жолына түсіп, мемлекеттілікті нығайту, әлеуметтік-экономикалық жаңғыру және халықаралық аренада ел позициясын күшейту бағыттарында таңғаларлық табысқа жеткенін атап өтті.

— Мемлекеттеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеру мақсатында қазақ-түрікмен стратегиялық серіктестігіне қосқан үлесіңізді жоғары бағалаймыз, — деп жазды Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Түрікменстан Президентіне сарқылмас күш-қуат және бауырлас түрікмен халқының игілігі жолында атқаратын жауапты қызметіне толайым табыс тіледі.

Бұған дейін Мемлекет басшысы шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактумға көңіл айтқан еді.