Тоқаев штабы оралдық жұмысшыларға сайлауалды бағдарламасын таныстырды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штаб өкілдері Батыс Қазақстан өңірінде кездесу өткізді, деп хабарлайды штабтың баспасөз қызметі.

Тоқаев штабы оралдық жұмысшыларға сайлауалды бағдарламасын таныстырды

Алғашқы кездесу «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-да өтті. Қоғамдық штабтың жетекшісі Мәулен Әшімбаев басқосу барысында кандидаттың сайлауалды бағдарламасы туралы жан-жақты айтып берді.

РҚШ басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қолға алған бағытты жалғастыратынына айрықша тоқталды. Сондай-ақ, кандидаттың өз бағдарламасында Қазақстанның стратегиялық әріптес саналатын бірқатар мемлекеттермен тиімді қарым-қатынасты дамытуды көздеп отырғанын тілге тиек етті.

Айта кетейік, «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» - Орал аймағындағы экономикалық секторды көтеруге үлес қосып келе жатқан 30 жылдық тарихы бар бірегей кәсіпорын. Қазақстандағы мұнай мен газ тасымалына, энергетикалық құрылғылар мен құрылыс саласына қажет жоғары технологиялық құрал-жабдықтар осында өндіріледі. Мұнда мыңнан астам батысқазақстандық еңбек етеді.