Тоқаев ТМД елдері басшыларының кездесуінде қандай мәселелер қаралатынын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан ТМД мелекеттері басшыларының кездесуінде қандай мәселелер қаралатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тоқаев ТМД елдері басшыларының кездесуінде қандай мәселелер қаралатынын айтты

«Қонақжай Қазақстан жеріне қош келдіңіздер. Ең алдымен, Қазақстанның ТМД-ға төрағалығы аясындағы бастамаларын қолдап, осы күндері Астанада өтіп жатқан халықаралық іс-шараларға белсенді қатысқандарыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамын.

Бүгін Кеңес мүшесі ретінде Түрікменстан Президенті, құрметті Сердар Гурбангулыұлы Бердімұхамедов отырысқа алғаш рет қатысып отыр. Осы жердегі әріптестердің және өзімнің атымнан Сізге қош келдіңіз дей отырып, жауапты мемлекеттік қызметіңізге табыс тілеймін», - деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бүгінгі кездесуде қандай мәселелер талқыланатынын айтты.

«Құрметті әріптестер! Гуманитарлық серіктестікке, қауіпсіздікке және ынтымақтастығымыздың басқа да аспектілеріне қатысты маңызды мәселелер Мемлекеттер басшылары кеңесінің қарауына ұсынылып отыр», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осыған дейін шараға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей, Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан басшылары, сондай-ақ атқару комитетінің төрағасы – ТМД атқарушы хатшысы қатысатыны айтылған.