Тоқаев Төтенше жағдай қатерін азайту жөніндегі орталыққа қатысты Заңға қол қойды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында оның болу шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. ҚазАқпарат бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап хабарлайды.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Еске салайық, 11 сәуірде Сенат «Қазақстан Үкіметі мен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы Қазақстан Республикасының аумағында оның болу шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңын мақұлдаған болатын.

«Аталған құжат Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы 2013 жылғы 17 мамырдағы Төтенше жағдайларды және апаттар қаупін төмендету орталығын құру туралы келісімнің 6-бабын іске асыру үшін жасалды. Онда Орталықтың болу шарттары Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталық арасындағы жеке халықаралық шартпен айқындалатыны көрсетілген. Осы орайда қаралып отырған Келісім Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталықтың Қазақстан аумағында болуы және жұмыс істеуі мәселелерін реттейді», - деген еді сенатор Геннадий Шиповских.

Келісімнің 3-бабына сәйкес, Орталықтың заңды тұлға мәртебесі бар. 2016 жылдан бастап Орталық өңір мемлекеттерінің төтенше ведомстволарымен, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, зілзалалар мен төтенше жағдайлардың қаупін азайту саласында, оның ішінде атқарушы агенттік ретінде 30-дан астам бағдарлама мен жобаларды іске асырды және іске асыруды жалғастырып келеді. 11 жоба Қазақстан Республикасының дамуына тікелей үлес қосады.

«Келісімге сәйкес Орталықтың мүлкі мен активтері әкімшілік араласудың немесе соттың араласуының кез келген жағдайына қатысты иммунитетті пайдаланады. Одан басқа, Орталықтың нысандары мен көлік құралдары, сондай-ақ оның архивтері мен құжаттары, соның арасында қызметтік хат-хабарлары қай жерде тұрғанына қарамастан тінтуге, реквизициялауға, тәркілеуге және Орталықтың қызметіне кедергі келтіретін кез келген басқа араласу нысанына жатпайды», - деді депутат.


Соңғы жаңалықтар
telegram