Тоқаев Үкіметке тамақ өнеркәсібіне қолдау көрсетудің бірыңғай тәсілін әзірлеуді тапсырды
АСТАНА. KAZINFORM — Тағам өнеркәсібі саласындағы жобаларды жедел саралап, жүзеге асыру керек. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу ісін дамытуға баса мән беру қажет. Бұл мәселе бойынша көп әңгіме айтылып жатыр. Соңғы үш жылда елімізде азық-түлік өндірісі 15 пайызға жуық өсті. Соның ішінде өсімдік майын өндіру көлемі 36 пайызға, ал ет және сүт өнімдерін өндіру 25 пайызға артты. Бұл — жақсы көрсеткіш. Енді осы қарқынды сақтап, өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін барынша күшейту қажет, — деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, тағам өнеркәсібі саласындағы жобаларды жедел саралап, жүзеге асыру керек. Бұл жобалар азық-түлікпен қамтамасыз ету ісінде импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді.
— Сондай-ақ жаңа өндіріс нысандарын инженерлік желілерге уақтылы қосу өзекті мәселе болып отыр. Жалпы Үкімет әкімдіктермен бірлесіп, осы салаға қолдау көрсетудің бірыңғай тәсілін әзірлеуге тиіс. Сонымен бірге оның нақты жолдарын, қаржыландыру көздерін анықтап, мерзімдерін бекіту маңызды. Бірақ бұл істе қағазбастылық әлі бар, оны мойындауымыз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Жолдауында мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялар жариялған сатып алу үдерістеріне шағын және орта бизнестің қатысу мүмкіндігін кеңейту жөнінде нақты міндет қойғанын еске салды.
— Бұл үдеріс, әсіресе тағам өнеркәсібіне серпін беруі қажет. Сондықтан ұзақ мерзімді келісімшарттар әзірлеу, тиімсіз талаптарды қысқарту және отандық өндірушілерге тең жағдай жасау мәселелері шешімін табуға тиіс. Әрине, мұның бәрі өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды қатаң сақтай отырып жүзеге асырылуы керек, — деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта да мемлекет бұл салаға қолдау көрсететінін баса айтты.
— Бүгін айқындалған мақсаттардың ауқымы өте кең. Қалай десек те, ең алдымен, біз ортақ мүдде жолында бір ел болып еңбек етсек, оның бәріне қол жеткізетініміз анық, — деді Мемлекет басшысы.