Тоқаевтың сыртқы саясаты: Қазақстан Канададан бұрын ықпалды дипломатия қалыптастырды

АСТАНА. KAZINFORM — Британдық The Economist журналы кезекті санының басты мақалаларының бірін Канада Премьер-министрі Марк Карниге арнады. Басылымның бағалауынша, Оттава ірі державалардың бұрынғы халықаралық тәртіп қағидаларын елемейтін жағдайында орта державаларға қалай әрекет ету керегін көрсетіп отыр.

Тоқаевтың сыртқы саясаты: Қазақстан Канададан бұрын ықпалды дипломатия қалыптастырды
Фото: Ақорда

Карнидің нық ұстанымы

Марк Карни 2025 жылдың наурызында Канада үкіметін басқаруға кірісті. The Economist жазғандай, ол ел мүддесін қорғауға басымдық беріп, сауда әріптестері аясын кеңейтіп келеді.

Үкіметтің бұл бағытын азаматтар да қолдайды. Журнал сілтеме жасаған сауалнама нәтижелеріне сәйкес, Карнидің қызметіне қолдау білдіретіндер үлесі 70 пайызға жуықтаған.

Қазақстан үшін мұндай саясат жаңалық емес. Ірі мемлекеттермен байланысты нығайту, жаңа нарықтарға жол ашу және ұлттық мүддені табанды түрде қорғау — Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясатының негізгі бағыттары. Канада мұндай қадамдарға жағдайдың ықпалымен келе бастаса, Қазақстан бұл бағытты бұрынырақ ұстанған. Оның үстіне, екі елдің ортақ тұстары да аз емес.

Ұлан-ғайыр аумақ пен қазба байлық

Қазақстан мен Канада жер көлемі жөнінен әлемдегі ең ірі елдердің қатарына кіреді. Канада бұл тізімде екінші орында болса, Қазақстан — тоғызыншы орынға жайғасқан.
Алайда екі елдің де аумағының едәуір бөлігі өмір сүруге қолайсыз. Канаданың солтүстігін тундра мен мәңгі тоң алып жатса, Қазақстан жерінің басым бөлігін — шөлдер мен шөлейттер құрайды. Сондықтан екі елдің халқы да белгілі бір өңірлерге шоғырланған. Халықтың тығыздығы жөнінен Қазақстан мен Канада әлемдегі ең сирек қоныстанған мемлекеттер қатарында.

Осындай ұлан-ғайыр аумаққа қарамастан, екі елдің халқы салыстырмалы түрде аз. Қазақстанда шамамен 20 миллион адам тұрса, Канада халқының саны бұдан екі есе көп.

Есесіне, екі елдің жер қойнауы қазба байлыққа толы. Канада мұнай қоры жөнінен әлемдегі жетекші елдердің бірі саналады. Ал Қазақстан уран өндіруден әлемде бірінші орында тұр және Еуропа нарығына мұнай жеткізетін маңызды елдердің бірі.

Екі мемлекеттің басты айырмашылығы — географиялық орналасуында. Канада үш мұхитқа шыға алады, ал оның теңіз порттары Еуропа мен Азия нарықтарына тікелей жол ашады. Қазақстан болса, дүниежүзіндегі теңізге тікелей шыға алмайтын ең ірі мемлекет.

Соған қарамастан, Қазақстан Шығыс пен Батысты жалғайтын маңызды көлік дәлізіне айналды. Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайыздан астамы еліміздің аумағы арқылы өтеді.

Тоқаевтың пәрменді дипломатиясы

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сыртқы саясатты өз президенттігінің негізгі тіректерінің біріне айналдырды. Мемлекет басшысы 28 тамызда Құрылтайдың алғашқы отырысында сөйлеген сөзінде ірі державалар арасындағы сенім дағдарысы тереңдеп, БҰҰ-ның ықпалы әлсіреген тұста орта державалардың рөлі айтарлықтай артқанын жеткізді. Президент Қазақстанды да осы санатқа жатқызды.

Қазақстан әлемдегі негізгі күш орталықтарымен байланысты нығайтып келеді. 2025 жылғы қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Мәскеуде Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынасты жан-жақты стратегиялық әріптестік және одақтастық деңгейіне көтеру туралы декларацияға қол қойды.

2023 жылдан бері Қытай Қазақстанның негізгі сауда серіктесі болып келеді. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 48 миллиард доллардан асқан.

Сонымен бірге Астана АҚШ-пен және Еуропа елдерімен байланысын дамытып жатыр. 2025 жылдың күзінде Президенттің Вашингтонға сапары кезінде тараптар 17 миллиард доллардан асатын келісімдерге қол қойды.

Сол жылдың желтоқсанында Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық одақтың Орталық Азияға арналған, көлемі 12 миллиард еуро болатын инвестициялық пакетін қолдады. Бұл қаражатты Қазақстан аумағында жасыл энергетиканы, цифрлық технологияларды және шикізатты терең өңдеу салаларын дамытуға бағыттау көзделген.

Орта державалардың үні

Қазақстан жаңа серіктестермен де белсенді байланыс орнатып келеді. Орталық Азия елдері әлемнің жетекші экономикаларымен «Орталық Азия +» форматында жиі бас қосатын болды. 2025 жылғы желтоқсанда Токиода алғаш рет «Орталық Азия — Жапония» саммиті өтті.

Орталық Азия өңірі басқа да нарықтарға жол ашып отыр. 2026 жылғы қыркүйекте Корея Республикасы мен Орталық Азия елдерінің алғашқы саммиті өтті. Ал 2025 жылдың көктемінде Самарқандта өңір басшылары Еуропалық одақ жетекшілігімен алғаш рет кездесті.

Тоқаевтың бастамасымен елордада «Астана» халықаралық форумы өткізіледі. 2023 жылдан бері бұл жиынға әлемнің түкпір-түкпірінен саясаткерлер, сарапшылар мен бизнес өкілдері жиналып, жаһандық сын-қатерлерді талқылап келеді.

Қазақстан Президенті орта державалардың әлемдік күн тәртібіне ықпал ету құқығын дәйекті түрде қорғап келеді. 2025 жылғы желтоқсанда БҰҰ университетінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесін реформалауға шақырып, Азия, Африка және Латын Америкасындағы жауапкершілікті сезінетін орта державалардың кеңес жұмысына ықпалын күшейтіп, пікіріне көбірек салмақ беруді ұсынды.

Алдымен — ұлттық мүдде

Қазақстан белсенді дипломатия жүргізумен қатар, ұлттық мүддесін қорғауда да табандылық танытып келеді. Еліміз ірі мұнай кен орындарынан түсетін табыстың әділ бөлінуіне қол жеткізуге күш салып отыр. 2026 жылғы қаңтарда Лондон халықаралық төрелігі «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» консорциумымен арадағы дауда Қазақстанның ұстанымын қолдады. Болжам бойынша, осы даудың нәтижесінде Қазақстан 4 млрд долларға дейін қаржы алуы мүмкін.

Атом энергетикасы саласында да Қазақстан өз талаптарын басшылыққа алады. Еліміздегі алғашқы атом электр станциясын салатын консорциумға Ресейдің «Росатом» компаниясы жетекшілік ететін болды. Ал екінші станцияны салу жобасын Қытайдың CNNC компаниясымен бірлесіп жүзеге асыру жоспарланған. Осылайша, әр серіктеске жеке жоба беріледі.

Әріптестер сенімі және экономикалық өсім

The Economist басылымының атап өтуінше, Қазақстанның бұл саясаты ел экономикасына да нақты пайда әкеліп отыр. Ұлттық статистика бюросының алдын ала мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өскен. Экономикалық өсімге негізінен көлік саласы, құрылыс және өңдеу өнеркәсібі үлес қосты.

Шетелдік инвесторлар да Қазақстанға қайта бет бұра бастады. 2025 жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы ағыны 14,4%-ға артып, 20,5 млрд долларға жетті. Осылайша, 2022 жылдан бері алғаш рет өсім тіркелді.

Қазақстанның сөзі халықаралық дипломатияда да ескеріледі. Астана Иранның ядролық бағдарламасына қатысты келіссөздерге, Сирия мәселесін талқылаған «Астана процесіне», сондай-ақ Армения мен Әзербайжан өкілдерінің кездесулеріне алаң ұсынды. Бұған қоса, елімізде Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) төмен байытылған уран банкі жұмыс істейді.

Әлемдік БАҚ-тағы Қазақстан туралы шолуды мына сілтемеден оқуға болады.