Тоқаевтың Жолдауы Қазақстан мен Әзербайжан ынтымақтастығына жаңа мүмкіндіктер ашады — Баку сарапшысы
БАКУ. KAZINFORM – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы елдің экономиканы жаңғырту бағытындағы басымдықтарын айқындап, Әзербайжанмен ынтымақтастықты, әсіресе көлік, логистика және инвестиция салаларындағы байланысты кеңейтуге қосымша мүмкіндіктер ашады. Бұл туралы Бакуде Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне берген сұхбатында Халықаралық қатынастар және мультикультурализмді талдау орталығының аға кеңесшісі Роза Байрамлы мәлімдеді. Ол Жолдаудың екіжақты қарым-қатынас үшін маңызына тоқталды.
Сарапшының айтуынша, Қазақстанның Еуразиядағы негізгі көлік-логистика орталықтарының бірі ретіндегі орнын нығайтуға ұмтылысы ерекше маңызға ие. Бұл Орталық Азия мен Еуропа нарықтары арасындағы байланысты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын Әзербайжанның да мүддесіне сай келеді.
– Қазақстан мен Әзербайжан Орта дәліздің Азия мен Еуропаны байланыстыратын неғұрлым жылдам, сенімді әрі бәсекеге қабілетті бағытқа айналуына мүдделі. Ол үшін инфрақұрылымды дамытумен қатар, тарифтерді үйлестіру, кедендік рәсімдерді жеңілдету және жүктерді жеткізу мерзімін қысқарту маңызды, – деді сарапшы.
Ол Қазақстанның «Арал – Каспий» теміржол магистралін салу жоспарына да назар аударды. Айтылған бағалауларға сәйкес, бұл жоба Транскаспий халықаралық көлік бағытының ұзындығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартуға мүмкіндік береді.
– Бұл жобаның іске асырылуы Орта дәліздің тартымдылығын арттыруы мүмкін. Дегенмен, оның нәтижесі теміржолдардың, порттардың және теңіз тасымалдаушыларының, соның ішінде Каспий теңізіндегі тасымал қызметтерінің үйлесімді жұмысына байланысты болады, – деп түсіндірді Роза Байрамлы.
Оның пікірінше, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті көлік саласымен ғана шектелмейді. Жолдауда инвестиция тартуға, өнеркәсіп өндірісіне және цифрландыруға басымдық берілуі бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және экономикалық байланыстарды кеңейтуге мүмкіндік береді.
– Негізінен транзитке бағытталған өзара іс-қимылдан кең ауқымды экономикалық ынтымақтастыққа көшу маңызды. Бірлескен инвестициялық жобалар мен логистикадағы цифрлық шешімдер екі елге де қосымша экономикалық пайда әкелуі мүмкін, – деп атап өтті сарапшы.
Сондай-ақ ол Әзербайжанның Орталық Азия елдерімен байланысын кеңейтуі бірлескен сауда, инвестиция және инфрақұрылымдық бастамаларды ілгерілетуге қосымша жағдай қалыптастыратынын айтты.
– Қазақстан мен Әзербайжан Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға мүдделі. Басты міндет – қолда бар мүмкіндіктерді сауда көлемінің өсуіне және көлік бағыттарының тиімділігін арттыруға ықпал ететін нақты жобаларға айналдыру, – деп түйіндеді Роза Байрамлы.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) сарапшысы Қазақстан экономикасының өсімнен даму сапасын арттыру кезеңіне өтуі қажеттігін мәлімдеген еді.