Тоқаевтың Ташкентке тарихи сапары: Өңір көшбасшыларының сенімді серіктестігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары бауырлас екі ел қарым-қатынасы тарихындағы айтулы оқиға болды. Сапар барысында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Президенттер саяси, сауда-экономикалық, энергетикалық, көлік-логистикалық, мәдени-гуманитарлық салаларды кеңейтуге көңіл бөліп, қазақ-өзбек стратегиялық серіктестігінің ауқымды мәселелерін талқыға салды. Сондай-ақ қос елдің қарым-қатынасын одан әрі нығайту мақсатында екі маңызды құжатқа қол қойды.

Тоқаевтың Ташкентке тарихи сапары: Өңір көшбасшыларының сенімді серіктестігі

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары қалай өткені, екі ел арасындағы тауар айналымы, шекара мәселесі, сонымен бірге қандай маңызды құжаттарға қол қойылғаны жөнінде ҚазАқпарат сарапшысының материалынан оқи аласыз.

Тарихи құжаттар мен сенімді серіктестіктің жаңа деңгейі

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде Қазақстан мен Өзбекстан мемлекетаралық серіктестікке үлгі болатындай берік әрі үйлесімді қарым-қатынас орнатқанын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастық неғұрлым тығыз және табысты болса, Орталық Азиядағы ахуал соғұрлым тұрақты болмақ. «Біз Өзбекстанмен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүдделіміз. Қазақ пен өзбек – ежелден достығы мызғымас, сыйластығы жарасқан бауырлас халықтар. Екі елдің салт-дәстүрі, мәдениеті, тілі, діні ұқсас. Тарихы тамырлас, тағдырлас елдеріміздің мақсат-мұраты да ортақ. Сондықтан мен бүгінгі сапарға айрықша мән беремін. Біз тату көршілікке және сенімді серіктестікке негізделген қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін»,-деді мемлекет басшысы.

Фото:t.me/bort_01

Мемлекет басшысы одақтастық қарым-қатынасты нығайту жолындағы бірлескен іс-әрекеттер бүкіл Орталық Азияның орнықты дамуы мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге елеулі үлес қосатынын атап өтті. Бүгінгі қол қойылған екі маңызды құжат та соның дәлелі. Президенттер Қазақстан мен Өзбекстан халқы үшін тарихи құжаттарға қол қойды. Оның бірі – Одақтастық қарым-қатынас туралы шарт болса, екіншісі – мемлекеттік шекараларды демаркациялау туралы шарт. Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, аталған құжаттарға қол қою көптеген мүмкіндікке жол ашпақ.

Фото:t.me/bort_01

«Одақтастық қарым-қатынас туралы шартқа қол қою біздің мемлекетаралық байланыстарымыздың жоғары деңгейде екенін көрсетеді. Егер біз шартты тарихи маңызы бар құжат деп атайтын болсақ, бұл асыра айтқандық емес деп ойлаймын. Бұл аса маңызды құжат біз үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады және екі елдің өзара ынтымақтастықты нығайтуға деген ортақ ұмтылысын білдіреді. Бұдан бөлек бүгін Қазақстан мен Өзбекстанның мемлекеттік шекараларын демаркациялау туралы шартқа қол қойылады. Бұл тарихи келісім Қазақстанның оңтүстігіндегі мемлекеттік шекарасын халықаралық-құқықтық тұрғыда рәсімдеу ісін толығымен аяқтайды, – деді Президент.

Фото:t.me/bort_01

Өз кезегінде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мұндай іс-шаралар бір-бірінің өткені мен бүгінгі тыныс-тіршілігіне деген өзара қызығушылықты айқын көрсете отырып, достық байланысты нығайтатынын тілге тиек етті.

«Бүгін біз екі тарихи құжатқа қол қойып отырмыз. Мен екі бауырлас халықтың да мүдделеріне сай келетін және өзбек-қазақ қарым-қатынастары тарихындағы жаңа кезеңді белгілейтін Одақтастық шартын ерекше атап өткім келеді. Мемлекеттік шекараны демаркациялау туралы келісім де біздің байланысымыздың беріктігін айғақтап, аймақтағы бейбітшілік пен қауіпсіздік ісіне қызмет ететін болады. Біздің шекарамыз әрқашан достық пен татулықтың шекарасы болған және солай болып қала береді»,-деді Өзбекстан президенті.

Фото:t.me/bort_01

Сонымен қатар келіссөз барысында президенттер екіжақты ынтымақтастықтың саяси тұғырнамасын бекемдей түсетін Жоғары мемлекетаралық кеңес пен Парламентаралық кеңес құру жөнінде уағдаласты. Қасым-Жомарт Тоқаев тараптар түрлі халықаралық құрылымдар мен механизмдер аясында табысты жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ тараптар мәдени-гуманитарлық байланыстардың дамуына оң баға берді. Екі ел халқының ортақ рухани-мәдени құндылықтарын байыта түскен Қазақстан мен Өзбекстанның мәдениет күндері табысты өтті. Өзбекстан президенті қазақ халқының біртуар перзенті, ақын әрі ойшыл Абай Құнанбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған іс-шаралардың қазіргі таңда бүкіл Өзбекстан бойынша өтіп жатқанын еске салып өтті. Сонымен бірге қос елдің білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселесіне де ерекше мән берілді.

Екі ел арасындағы тауар айналымы 35 пайызға өсті

Бұдан бөлек қос мемлекет басшылары саяси, сауда-экономикалық салаларды кеңейту мәселелеріне көңіл бөлді. Қазақстан мен Өзбекстан – Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктестер. Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша, екі ел арасындағы өзара тауар айналымы 4,1 млрд АҚШ долларын құрап, 35 пайызға өсті. Жыл соңына дейін 5 миллиард долларға жуықтайды деп жоспарланып отыр.

Кеше Өзбекстанда өткен өзбек-қазақ өңіраралық бизнес-форумында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қос ел үкіметіне сауда көлемін 10 млрд долларға дейін жеткізу міндеті қойылғанын айтқан еді.

Фото:gov.kz

Ал Қазақстанда өзбек капиталының қатысуымен 1400-ден астам кәсіпорын мен 400-ден астам бірлескен қазақ-өзбек компаниясы жұмыс істеп жатыр. Бүгінгі таңда екі ел арасындағы өнеркәсіптік кооперация 2,2 миллиард долларды құрайтын 38-ден астам жоба жүзеге асуда. Нәтижесінде, 11 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.

ҚР Сауда министрлігінің мәліметінше, кешегі форумда шамамен 1 млрд долларға келісімшарттарға қол қойылған.

Қазақстан-Өзбекстан арасындағы экспорт пен импорт көлемі

2022 жылдың қаңтар-қазан айларында Қазақстаннан Өзбекстанға экспорт көлемі 38,4%-ға артып, 3 млрд долларға жетті. Экспорт көлемінің ең көп өсімі төмендегі тауарлар бойынша байқалып отыр:

• бидай – 25,3%-ға – 493 млн доллардан 617,8 млн долларға

• телефон аппараттары – 66,4%-ға – 177,2 млн доллардан 294,7 млн долларға

• мыс кені мен концентраттары – 3,2 есеге - 52,5 млн доллардан 166,1 млн долларға

• алюминий шикізаты – 3,3 есеге - 47,3 млн доллардан 154,2 млн долларға өсті.

Ал импорт көлемі 2022 жылдың қаңтар-қазан айларында 25%-ға өсіп, 1,05 млрд долларға жетті.

Импорттың ең көп өсімі мынадай тауарлар есебінен байқалып отыр:

• автомобильдерге арналған шанақтар – 80,1 есеге - 2,4 млн доллардан 188,3 млн долларға

• іштен жану қозғалтқыштары – 0-ден 123,4 миллион долларға

• автомобильдер мен тракторларға арналған бөлшектер мен керек-жарақтар – 12,3 есеге - 2,3 млн доллардан 27,8 млн долларға дейін артты.

Кеше Ташкенттегі бизнес-форум аясында Қазақстан мен Өзбекстанның Ауыл шаруашылығы министрлері ынтымақтастықты нығайту мақсатында арнайы бағдарламаға қол қойылды. Бүгінде ауыл шаруашылығы саласындағы экспорт көлемі 1,165 млрд доллардан асып отыр. Отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Өзбекстанға негізінен бидай, күнбағыс майы, ұн және сиыр еті, сондай-ақ картоп пен макарон өнімдерін экспорттайды. Ал Өзбекстан Қазақстанға 233,7 млн долларға жеміс пен көкөніс жеткізген.

ҚР АШМ басшысы Ербол Қарашөкеевтің дерегінше, 2025 жылға дейін құны 193,1 млн доллар болатын 12 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қоса 1,2 млрд долларға 2,1 млн тонна ауыл шаруашылығы өнімін, оның ішінде картоп, көкөніс, ет және ет өнімдерін жеткізуді ұйымдастыру жоспарланған.

«Егер екі ел арасындағы агроөнеркәсіптік кешен өнімі бойынша сауда айналымының статистикасына қарасақ, Қазақстан мен Өзбекстаннан жеткізілімдер тұрақты түрде жүзеге асырылып жатқанын байқаймыз. Біз азық-түлік қажеттіліктерін өзара толықтырып отырамыз. Маңызды мәселелердің бірі - тарифтерді, оның ішінде транзиттік тарифтерді төмендету, сауда және транзит рәсімдерін оңайлату, бір-біріне қатысты ашық сауда саясатын қолдану арқылы тауар айналымын ұлғайту үшін қолайлы жағдайлар жасау болып отыр», - деді Ербол Қарашөкеев.

Қандай маңызды құжаттарға қол қойылды?

Мемлекеттік сапардың алғашқы күні Президент Ташкент қаласының «Янги Узбекистон» саябағындағы «Тәуелсіздік» монументіне гүл шоғын қойды.

Фото:t.me/bort_01

Сондай-ақ Өзбекстан Республикасы Президентінің Ташкенттегі «Куксарой» резиденциясының құрметті қонақтар аллеясында ағаш екті.

Фото:t.me/bort_01

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Өзбекстанға мемлекеттік сапары аясында бірқатар құжаттарға қол қойылды. Қос мемлекет үшін де екі тарихи құжатқа, атап айтсақ Одақтастық қарым-қатынас туралы және өзбек-қазақ мемлекеттік шекарасын демаркациялау туралы шарттар жайлы айтып өттік.

Фото:t.me/bort_01

Сонымен қоса қос елдің ресми делегациясының мүшелері екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында 15 құжатқа қол қойды. Оның ішінде «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік ынтымақтастық орталығын құру туралы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы, жоғары деңгейдегі ынтымақтастық туралы келісімдер бар. Сонымен бірге стратегиялық реформалар, электронды сауданы, орман шаруашылығын, халыққа қызмет көрсетуді дамыту жөніндегі құжаттар, Түркістан мен Ташкент, Қызылорда мен Науаи, Түркістан мен Жизақ облыстары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша «жол карталары» қабылданды.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірлескен нысандардың құрылысын салтанатты түрде бастау рәсіміне қатысты. Мемлекеттер басшыларына Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бірлескен жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде егжей-тегжейлі мәлімет берілді.

Фото:t.me/bort_01

Атап айтқанда, Қарағанды облысында тұрмыстық техника, Шымкентте инфузиялық ерітінді, Қостанайда Chevrolet автомобильдерін шығаратын жоба іске қосылады.

Фото:t.me/bort_01

Өз кезегінде Өзбекстанның Науаи облысында минералды тыңайтқыштар өндірісіне, Ташкент облысында логистикалық орталық пен Ташкент қаласында тұрғын үй-коммерциялық инфрақұрылымының құрылысына қатысты жобалар жоспарланған. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев бірлескен жобалардың табысты жүзеге асуына тілектестік білдіріп, нысандардың құрылысын салтанатты түрде бастап берді.

Фото:t.me/bort_01

Басты фото:t.me/bort_01