Токио қаласында Жапонияның ұлттық құрамасын 7-қысқы Азия ойындарына шығарып салу салтанаты өтті
АСТАНА. 25 қаңтар. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Токио қаласында Жапонияның ұлттық құрамасын 7-қысқы Азия ойындарына шығарып салу салтанаты өтті. Шараға Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшісі Ақылбек Қамалдинов қатысты.
ҚР Сыртқы істер министрлігінен хабарлағандай, іс-шараға сондай-ақ Жапонияның Білім, мәдениет, спорт, ғылым және технологиялар министрлігінің парламенттік хатшысы Рю Хирофуми, Жапонияның бұрынғы премьер-министрі Йоширо Мори және осы елдің Олимпиада комитетінің президенті Цунэказу Такэда қатысты.
Елші алдағы жарыстарға Азиада нысандары толығымен дайын екендігін жеткізе келе, экономикасының баянды дамуы мен саяси тұрақтылығының арқасында Қазақстан бүгінгі күні халықаралық деңгейдегі ауқымы үлкен шараларды лайықты ұйымдастырып, өткізе алатындығын қадап айтты.
Салтанатты рәсімнен кейін А.Қамалдинов, шараға қатысқан Жапонияның ресми тұлғаларымен екі жақты кездесулер өткізіп, екі елдің мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық салаларда ықпалдасу мүмкіндіктерін талқылады.