Токиода таза алтыннан жасалған шыршалар сатылымға шығарылды
АСТАНА. 24 қараша. ҚазАқпарат - Жаңа жылды алтынмен апталған әшекейлермен қарсы алғысы келгендерге Токионың зергерлік дүкені тамаша базарлық жасады: сатылымға алтыннан жасалған шыршалар шығарылды, деп хабарлады ресейлік «Жаңалықтар» агенттігі.
Шыршаны жасауға 40 келі алтын шығындалған, ал оның «жапырақтарына» Диснейдің ертегі кейіпкерлері - Микки Маус, Тинкер Белл, Золушка бейнелері оймышталып өрнектелген, жоғары жағы алтын жапырақпен көмкерілген. Ағаштың биіктігі 2,4 метр, ені 1,2 метр. Ертегілік бұйымның бағасы - 4,2 млн. доллар.
«Қазір алтынның бір грамының бағасы 53,2 доллар тұрады. Біз жұмыста таза алтынды ғана пайдаландық, 10 зергер кейіпкерлерді қолдан ойып жасады, оған екі ай уақыт кетті», - дейді дүкеннің менеджері Томоко Исибаси.
Дүкенде осы шыршаның биіктігі 25 сантиметрлік кішірейтілген нұсқалары да бар көрінеді. Оларда Дисней мультфильмдерінің 20 кейіпкерлері ойып өрнектелген. Олардың бағасы 243 мың доллар.
«Үлкен алтын шырша сатып алушысын күтуде, ал кішкентайлары сатыла бастады», - дейді Т.Исибаси.