Токиода Зарина Дияс сәтті өнер көрсетуде
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапония астанасы Токиода өтіп жатқан халықаралық турнирдің алғашқы айналымында қазақстандық Зарина Дияс жапониялық Мисаки Доимен күш сынасып, жеңіске жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Myscore.ru сайтынан тікелей көрсетілімде мәлім болғанындай, әлемнің 100-інші ракеткасы Зарина Дияс дүниежүзілік рейтингте өзінен бес саты жоғары тұрған қарсыласына бірінші партияда 3:6 есебімен есе жібергенімен, екіншісінде (6:1) айқын басымдылық көрсетті. Үшінші, шешуші партияда бірден брейк жасап, 2:0 есебімен алға кетті. Бұдан кейін жапониялық теннисші өз геймін алғанымен, З.Дияс тағы бір брейк жасап, есепті 4:1-ге, сосын өзі доп бергенде, есесін жібермей, 5:1-ге жеткізді. Сосын тағы бір брейк жасаған қазақстандық теннисші бұл партияны да 6:1 есебімен аяқтады.
Турнирге іріктеу сайыстары арқылы қосылған Зарина осылайша жеңісті жолын жалғастыруда. Енді ол әлемнің 28-інші, осы турнирдің 2-інші ракеткасы, қытайлық Чжан Шуаймен кортқа шығады.
Айта кетейік, Токио турнирінің жүлде қоры 226 750 АҚШ долларын құрайды.
Бұл турнирге тағы бір қазақстандық, әлемнің 52-інші ракеткасы Юлия Путинцева да қатысуда.