Токиоға дейін командамен бірге боламын - Алексей Ни

«Шынымды айтсам, мені ешкім қуған жоқ. Бұл менің жеке шешімім болды. Оны асығыс жасадым деп ойламаймын. Рио Олимпиадасының алдында спортшылардың сынамаларын қайта тексеру науқаны басталған кезде іштей бәрін ой елегінен өткізіп, бас бапкердің қызметінен кетуге бел байладым. Енді, тура төрт жылда бір рет болатын жарыстың алдында бәрін тастап кетпейсің ғой. Ал Олимпиададан кейін федерация, Олимпиада комитеті мен министрлік мықты деген адвокаттардың бірнеше тобын жалдап, медальдарды сақтап қалуға күш салды. Сол дау-дамай біздің пайдамызға шешіледі деген үміт оты соңына дейін өшкен жоқ. Алайда қыздардың медальдарын алып қойғаннан кейін ол процесті тоқтату мүмкін емес екенін түсіндім. Илья Ильиннің чемпиондық титулдарын алып қойған соң, басшылық менің арызымды қабылдап, қол қойды», - деді А.Ни Vesti.kz сайтына берген сұxбатында. Осы орайда ол Лондон Олимпиадасында болған толағай табыстардан кейінгі өзінің «Әлем бізге бұны кешірмейді» деген сөзіне түсініктеме берді.
А.Нидің айтуынша, Лондонда төрт бірдей алтын медаль жеңіп алғаннан кейін көптеген адамдар таңқалып қана қоймай, «әлемнің бұндай жағдайды кешірмейтінін» ашық білдірді. Ал Рио Олимипиадасына қатысатын қазақстандық зілтеміршілердің есімдері жарияланған бойда сынамаларды қайта тексеру науқаны басталды. Дәл қазір Ни мырза қызметінен кетсе де, ұлттық құрамаға көмектесуге әзір.
«Ертең не болатынын білмеймін. Дегенмен, мен бапкерлер мен спортшыларға көмектесетін боламын. Қазақстанның ауыр атлетикасында кем дегенде Токио Олимпиадасына дейін қызмет етемін. Қай қызметті беретіндері мен үшін маңызды емес. Бастысы, Рио Олимпиадасының алдындағы жағдай қайталанбаса болды. Мен өз тәжірибемді пайдаланып, команда үшін барынша пайдалы болуға тырысамын. Әрине, бас бапкер қаласа», - деді А.Ни.
Айта кетейік, желтоқсанның 2-сі күні ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасы бас бапкерінің міндетін атқарушы қызметіне Юрий Мельников тағайындалған болатын.