Төл педагогикалық кешеннің мәні - білімді, мәдениетті, ұлттық тұлға қалыптастыру - профессор Н. Оразақынова

АСТАНА. 18 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы жаңа Оқушылар сарайында «Сатылай кешенді талдау» технологиясы - әлемдік білім беру аясына енудің мүмкіндігі» атты республикалық форум өз жұмысын бастады.

Төл педагогикалық кешеннің мәні - білімді, мәдениетті, ұлттық тұлға қалыптастыру - профессор Н. Оразақынова

Форумның мақсаты: сатылай кешенді оқытудың рөлі мен маңыздылығын  ашып, оқушыларға білімді ғылыми негізде сатылай, жүйелі, кешенді меңгертіп, оларға ұлттық құндылықтарды бағалай, қолдана білуге машықтандыру.

 Республикалық форумды Қазақстан Білім және ғылым министрлігі, Абай атындағы ҚазҰПУ, ҚР Кіші Ғылым Академиясы және Астана қаласының Білім басқармасымен ұйымдастырылып отыр.

 ҚР Кіші Ғылым академиясының вице-президенті Валентина Грищенконың айтуынша, аталмыш форумда «Сатылай кешенді талдау» технологиясы бойынша «Тілім менің тірлігімнің айғағы» атты XII Республикалық ауызша командалық олимпиадасы өтеді. Оған еліміздің Астана, Алматы, Жамбыл, Солтүстік  Қазақстан, Қызылорда, Атырау, Орал облыстарынан келген оқушылар мен студенттер командалары қатысады. Бұның алдында форум Алматы, Тараз қалаларында өткен болатын.

 «Ұлттық төл технология дегеніміз - қазақ тілінен бастау алып, халқымыздың әдебиетін, тарихын, жағрафиясын тағы басқа пәндердің жиынтығын құрап, оқушыларға жан-жақты білім беретін, оларды өз елінде ұлтының биік тұлғалы азаматы етіп қалыптастыра алатын оқыту. Төл технология жасауға өзге елдің озық пікірлерімен қатар, қазақ халқының көрнекті ғалымдарының оқыту, тәрбие беру туралы жасаған ғылыми тұжырымдары, әдістемелік кешендері негіз болып алынды», - дейді аталған технологияның авторы, ҚР Кіші Ғылым академиясының вице-президенті, Абай атындағы ҚазҰПУ-дің қазақ тілі теориясы және әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, профессор Нұрша Оразақынова.

 Оның айтуынша, сатылай кешенді талдау технологиясы бастау көзін Жүсіпбек Аймауытов, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев сынды  ағартушы-ғалымдардан алады.

 «Сатылай кешенді талдау технологиясының мақсаты - қазақ тілінде ойын жеткізе алатын, өз ана тілінде дітін орындата алатын, қазақтың тарихы мен мәдениетін меңгерген, жан-жақты білімді, мәдени, ұлттық тұлға қалыптасыру», - деп атап көрсетті Н. Оразақынова.