Төле би ауданында 180 пәтер пайдалануға берілмек
ТӨЛЕБИ АУДАНЫ. ҚазАқпарат – Түркістан облысының Төле би ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, өткен жылы 66 отбасы тұрғын үймен қамтылған. Биыл Леңгір қаласындағы I мөлтекауданда 5 қабаттан тұратын әрқайсысы 20 пәтерлі 9 үйдің құрылысы аяқталып, 180 отбасын тұрғын үймен қамту жоспарланып отыр. Жалпы аумағы 11 000 шаршы метрді құрайды.

Сонымен қатар, Қасқасу ауылдық округі Қасқасу, Жоғарғы Қасқасу, Керегетас және Кеңесарық елді мекендеріне газ кіргізу жұмыстары жүргізілуде. Қасқасу ауылдық округі бойынша 65,7 шақырым газ құбырын тарту жоспарланған. Бүгінгі күнге 10 шақырым газ құбырының шұңқыры қазылды.
Қазіргі таңда Төлеби ауданындағы 55 елді мекеннің 48-і толық табиғи газбен қамтылған. Алдағы уақытта Диханкөл, Ұзынарық, Алшалы, Қасқасу, Жоғары Қасқасу, Керегетас, Кенесарық елді мекендеріне көгілдір отын кіретін болады.



