Төлеби ауданындағы демалыс аймақтарында карантин талаптарын бұзғандар әкімшілік жазаға тартылды

ТӨЛЕБИ. ҚазАқпарат – Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы демалыс аймақтарында карантиндік талаптарды сақтау бойынша арнайы тексеру жұмыстары жүргізілді. Ауданда құрылған мобильді топтар сақтық шаралары бойынша халықпен кездесіп, түсiндiру шараларын қолға алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төлеби ауданындағы демалыс аймақтарында карантин талаптарын бұзғандар әкімшілік жазаға тартылды

Алатау ауылдық округі аумағындағы демалыс орындарына арнайы барған топ мүшелері «Тау самалындағы» демалушыларды үйлеріне қайтарды. Сондай-ақ, карантин талаптарын бұзғаны үшін 7 жеке тұлғаға әкімшілік хаттама толтырылды. 3 демалыс аймағының әкімшілерінен демалушыларды қабылдағаны үшін түсініктемелер алынып, айыппұл салу үшін аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы тарапынан хаттамалар түзілді.

«Қазіргі таңда елімізде пандемияға байланысты қалыптасқан жағдай барлығымызға белгілі. Жағдайдың тұрақталуы үшін індетпен бірлесіп күресуіміз қажет. Сондықтан аудан тұрғындарын карантиндік режим талаптарын сақтауға шақырамыз!»,- дейді топ мүшелері.