Төлебиде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 20 нысан салынуда - ОҚО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Төлеби ауданында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 34-қадамы ─ мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту аясында біршама жобалар жүзеге асып келеді, деп хабарлайды ОҚО әкімінің баспасөз қызметі.

Төлебиде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 20 нысан салынуда - ОҚО

Атап айтқанда, аудан орталығы Леңгір қаласынан шыққан жергілікті кәсіпкер өз қаражаты есебінен салған 3 қабатты ғимаратын 10 жылға халыққа қызмет көрсету орталығы ретінде тегін қолдануға берді. Бұл күнде екі жақты келісімшарттар жасалған, осы жылдың 1 тамызында аудандық ХҚКО заман талабына сай жаңа ғимаратқа көшетін болады. Жергілікті кәсіпкердің әріптестік аясы мұнымен шектелмейді. Таяуда ол мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Ленгер қаласынан көп қабатты тұрғын-үй, Аршалы елді мекенінен 150 орындық мектеп және балабақша салуды жоспаралап отыр. Ал аудан әкімдігі тарапынан жер бөлу жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Кувейт мемлекетінің ҚР Азия мұсылмандар комитетінің өкілі Ясер Мухаммед Али мырзаның демеушілігімен Көксәйек ауылдық округі, Жіңішке елді мекенінен медициналық бекеттің ғимаратын салуға 19,5 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды.

Осындай медициналық бекеттер Қасқасу, Аққұм (Аққұмда 2 медициналық бекет) елді мекендерінде де салынады және Бірінші Мамыр елді мекенінен ауылдық дәрігерлік амбулатория бой көтереді.

Мұнан бөлек, Бірінші Мамыр ауылдық округі Әлішер Науаи елді мекенінде елімізден шыққан азаматтардың демеушілігімен жаңа кітапхананың ғимаратын салу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы алаңы 104 шаршы метрді құрайтын нысанның жер мәселесі аудан тарапынан шешілді. Сондай-ақ, аталған ауылдық округте 100 орындық мектептің құрылысы жүрмек. Іргетасы 2017 жылы қалана бастайтын білім ордасын жеке кәсіпкер «Ырысбеков» өз қаражатына салмақшы.

Таулы аймақтың етегінде орналасқан Төлебиде спорт саласына да айрықша көңіл бөлінуде. Бүгінгі таңда ондағы жеке кәсіпкер Б.Тойлыбаевтың есебінен Леңгір қаласында жабық спорт алаңы мен жүзу бассейні және жаттығу залын салуға құжаттар әзірленуде.  

Сондай-ақ, биылғы жылы облыстық мәслихаттың депутаты М.Төлтебаевтың демеушілігімен аудандағы 10 елді мекенде сырты қоршалған заманауи үлгідегі 10 ашық спорт алаңшалары салынып іске қосылды.

Жыл соңына дейін қосымша демеушілердің есебінен 8 спорт алаңшасының құрылысын аяқтап, іске қосу жоспарлануда.