Төлем балансын алдын ала есептеу бойынша ағымдағы операциялар шотының профициті былтыр 4,5 есе ұлғайды

АЛМАТЫ. 7 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстанның төлем балансын алдын ала бағалау бойынша ағымдағы операциялар шотының профициті 2011 жылы 13,6 млрд. долларды құрады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі Қазақстанның төлем балансының 2011 жылғы алдын ала нәтижелері туралы хабарламасында мәлімдеді.

Төлем балансын алдын ала есептеу бойынша ағымдағы операциялар  шотының профициті былтыр 4,5 есе ұлғайды

Ағымдағы операциялар оң балансының айтарлықтай ұлғаюы энергия тасымалдағыштардың әлемдік бағаларының жоғары деңгейі аясында тауар экспорты құнының өсірілуімен де қамтамасыз етілді. 2011 жылы орташа алғанда brent сұрыпты мұнайының әлемдік бағасы бір баррелі үшін 110,9 долларды құрады. Бұл базалық кезеңдегі орташа деңгейден  (79,6 доллар.) 39,3%-ға жоғары. Бұл ретте мұнайдың едәуір жоғары бағасы есепті кезеңнің 2-тоқсанында байқалды. Онда  1 баррель үшін 117,1 долларды құрады. Ол 3-тоқсанда 112,5 доллар, ал 4-тоқсанда  109,3 доллар болды. Соның нәтижесінде, тауарлар экспорты 2010 жылдың осындай көрсеткішімен салыстырғанда 46,1%-ға ұлғайып, Ұлттық  банкінің бағалауы бойынша 88,9 млрд. доллар болды.

Тауарлар импортының көлемі де 42,1 млрд. доллардан асып, 31,8%-ға өсті. Нәтижесінде, есепті кезеңдегі сауда балансы Ұлттық банктің бағалауы бойынша 46,8 млрд. доллар (28,9 млрд. долл. болған базалық кезеңмен салыстырғанда 61,9%-ға өсу) болатын оң сальдомен қалыптасты.

Қызметтер балансының дефициті алдын ала бағалау бойынша  14,3%-ға төмендеп, 6,1 млрд. долларды құрады. Қызметтердің теріс теңгерімсіздігінің қысқаруы базалық кезеңмен салыстырғанда 7,4%-ға қысқарған қызметтер импортының азаюымен қамтамасыз етілді.

Тауарлар экспортынан түсімдердің ұлғаюы салдарынан да экономиканың салаларына сәйкес келетін шетелдік тікелей инвесторлардың кірістері өсуін жалғастырды. Шетелдік тікелей инвесторларға төлемдер алдын ала 24,1 млрд. доллар  деп бағаланды. Бұл базалық кезеңнің осындай көрсеткішінен (16,2 млрд. долл.) 48,9%-ға жоғары. Тікелей инвестициялау қатынастарымен байланысты емес кредиторларға сыйақы төлемдері де есепті кезеңде 17,5%-ға ұлғая отырып, 3,1 млрд. долларды құрады. Нәтижесінде, инвестициялық кірістер балансының теріс сальдосы алдын ала бағалау бойынша 25,2 млрд. доллар болды.