Төлем балансының ағымдағы шоты 6,5 млрд доллар тапшылықпен қалыптасты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Төлем балансының ағымдағы шоты 6,5 млрд доллар тапшылықпен қалыптасты. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Төлем балансының ағымдағы шоты 2019 жылы тапшылықпен қалыптасты және минус 6,5 млрд АҚШ долларын құрады. Тапшылықтың ұлғаюы азық-түлікке жатпайтын және инвестициялық тауарларды әкелудің ұлғаюы салдарынан импорттың 4,5 млрд АҚШ долларына өсуіне және мұнайдың барынша төмен бағасына байланысты тауарлар экспортының 2 млрд АҚШ долларына азаюына негізделген»,- деді ол.
Оның атап өтуінше, Қазақстанның әріптес елдеріндегі әлеуетті экономикалық рецессия қазақстандық экспортқа сұраныстың төмендеу және тиісінше осы жылы төлем балансының ағымдағы шотының нашарлау тәуекелін арттырады.