Төлем қабілеттіліктерін растауы тиіс 2005-2007 жылдарғы Тұрғын үй бағдарламасы қатысушыларының тізімі жарияланды
АСТАНА. 26 қазан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Астана қаласының әкімдігі төлем қабілеттіктерін растауы тиіс 2005-2007 жылдарғы Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша комиссияның оң шешімін алған адамдардың тізімін жариялады.
Әкімдіктің www.astana.kz ресми сайтында 2005-2007 жылдарғы тұрғын үй бағдарламасына қатысқан 177 адамның тізімі орналастырылды. Олар төлем қабілеттіктерін растау мақсатында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ға жолдама алу үшін Т.Бигелдинов көшесі, 74/1 мекен-жайы бойынша орналасқан Астана қаласының Тұрғын үй басқармасына келуі тиіс.
«Ал тізімнен өздерін таппаған азаматтарға аталмыш мекен-жай бойынша келудің қажеті жоқ», - деп нақтылады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Еске салайық, қала әкімдігі азаматтардың тізімдерін тұрғын үй кешендері іске қосылуына қарай жариялап отырады.
Қала басшысы Иманғали Тасмағамбетовтың айтуынша, 2005-2007 жылдарғы Мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан тұрғын үйлер 2011 жылдың соңына дейін толығымен пайдалануға беріледі. «Мемлекеттік комиссия олардың әзірлігі туралы қол қойғаннан кейін, тұрғын үй комиссиясы пәтерлерді үлестіруге кіріседі», - деді ол.
Салынып жатқан нысандар туралы толық ақпаратты әкімдіктің сайтынан көруге болады. №1 шағын ауданындағы №5-ші тұрғын үй кешені №19-шы көшенің оң жақ беткейінде; мемлекеттік коммуналдық - екінші тұрғын үй «Степной» гараж кооперативі аумағында бой көтеруде. Тағы екі тұрғын үй кешені Оңтүстік-Шығыс шағын ауданында орналасқан.