Төлешов билікті басып алмақ болған

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тоқтар Төлешов өзінің мақсатына жету үшін елдегі билікті күшпен басып алмақ болған. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Бас Прокуратура басшылығы өкілдері өткізген баспасөз мәслихатында мәлім болды.
None
None

«Қылмыстық істі тергеу нәтижесінде Т. Төлешовтің елдегі билікті зорлықпен басып алуға ұзақ уақыт дайындалғаны жөнінде бұлтартпас дәлелдер табылды» деп мәлімдеді ҰҚК-нің баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев. Қылмыстық қызметінің белгілі бір кезеңінде өзінің қолында бар ресурстарын пайдаланып, билік құрылымдарына кіру туралы ойға келген. Сайып келгенде, ол ойы елдегі билікті күшпен басып алуға жетелейді. Осы мақсатқа шетелдік PR-компанияларды жалдап, жоғары лауазымды шенеуніктерді және аймақтардағы бейресми жетекшілерді пара беріп, сатып алады. Бұған Алматыда тәркіленген қару-жарақ, ақша суреттері, әлеуметтік желілердегі скриншоттар дәлел болып отыр.

Сонымен қатар, Т. Төлешов уақытша тергеу абақтысында отырып, айналасындағы адамдар арқылы өзі туып-өскен Сарығаштағы жаппай қарсылық акциясын ұйымдастыруға ұмтылған. Алайда ҰҚК оның бұл әрекетіне дер кезінде тосқауыл қоя білді. ҰҚК-нің өкілдері мәлімдегендей, халықаралық қылмыстық топтардың өкілі Қазақстанның барлық аумағында тұрақсыздық ошақтарын құруды ойластырған. Сол арқылы билікке ультиматум қоюды және Вице-президент лауазымын енгізуді жоспарлайды. Осы мақсатта 2015 жылдың желтоқсан айында Т. Төлешов Т. Аяновқа Атыраудағы «жер митингілерін» ұйымдастыру үшін 100 000 АҚШ долларын береді. Өз кезегінде Т. Аянов пен М. Боқаев Төлешовтен алған ақшаны пайдалана отырып, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда және Алматы қалаларындағы қарсылық акцияларын ұйымдастырады.

Ең бастысы, Т. Төлешовтің қылмыстық әрекеттерін құзырлы органдар әу бастан-ақ бақылауға ұстаған. ҰҚК-нің өкілінің айтуынша, шымкенттік кәсіпкер өз қызметін есірткі, қару-жарақ саудасынан, рейдерлік және т.б. қылмыстардан түскен қаражатпен жүзеге асырған. Т. Төлешов «Братский круг» трансұлттық қылмыстық қауымдастығының қызметіне белсене араласып, осы ұйымның өкілінің жұмысын қаржыландырған. Бұған айыпталушының «Братский круг» қауымдастығының көшбасшыларымен бірге түскен фотосуреттері дәлел бола алады. Тергеуден мәлім болғаны, Т. Төлешовтің кәсіпорындарының күзет қызметінің базасында бақайшағына дейін қаруланған ұйымдасқан қылмыстық топ құрылған. Құрамында 90-нан астам әскери дайындықтан өткен сарбазы болған осы топ Т. Төлешовтің тікелей бұйрығымен адамдарды ұрлау, ұрып-соғу, өлтіру, қарақшылық, біреудің мүлкін қасақана жою сияқты ауыр және аса ауыр қылмыстарды жүзеге асырады. Бұған дәлел ретінде баспасөз мәслихатында фотосуреттер көрсетілді.

Осы кезге дейін кейбір БАҚ-тар Т. Төлешовтің отандық бір ірі банкке үлкен көлемде ақша қарыз екені туралы ақпарат жариялады. Баспасөз мәслихатында: «Осы фактінің Төлешовті айыптауға ықпалы болған жоқ па?» деген сауал қойылды. ҰҚК-нің өкілдері есірткі саудасы көшбасшысының қаржы институттарына ірі көлемде ақша қарыз болғанын растады. Атап айтқанда, ол «АТФ банкке» - 201 млн. доллар, «Қазкоммерцбанкке» - 1,5 млрд. теңге қарыз екен. Бұл аз болғандай, қылмыскер тек банктерге ғана емес, қылмыстық құрылымдарға да белшесінен қарызға батыпты. Мысалы, ол бәймәлім қылмыс жетекшісі Г. Рахимовқа 15 млн. АҚШ доллары көлеміндегі қарызын қайтармаған. Тергеу барысында бұған нақты дәлелдер анықталды.

Т. Төлешовтің елдегі билікті басып алуға ұмтылуына мойнындағы қарыздары да себеп болғанға ұқсайды. Мұның дәлелі Қырғызстан мен Тәжікстандағы өтімділігі төмен активтерге қыруар ақшасын салғаннан кейін «сыра королі» көп кедергілерге тап болады. Сайып келгенде, ресейлік шоу-бизнестің жұлдыздарын отбасылық мерекелеріне шақырып, шалқып-тасып өмір сүрген Т. Төлешовтің де сауық-сайраны тәмамдалды. Арнайы қызметтердің қырағылығының арқасында қауіпті қылмыскердің арам ниеті іске аспады. Жұрттың көпшілігін Т. Төлешовтің тағылған айып бойынша қандай жазаға тартылатыны қызықтыратыны сөзсіз. Мұндай сауалға Бас Прокуратура өкілі түпкілікті шешімді сот шығаратынын хабарлады. 

Соңғы жаңалықтар