Төлешов сот үкімі шыққалы бері ҰҚК тергеу абақтысында отыр - қорғаушы Мархаба Жақыпова

Қорғаушы Мархаба Жақыпова бүгін сот отырысына Төлешовтің туыстарының өтініші бойынша келгенін айтты. Оның сөзінше қорғаушысының адвокат жалдауға қаражаты жоқ. Себебі, мүлкін тәркілеп алған соң, мүлдем қаржысыз қалған. Сондай-ақ Мархаба Жақыпова Тоқтар Төлешовтің қазіргі жағдайы туралы да баяндап кетті.
«Жағдайы қалыпты. 21 жылға сотталған адамның жағдайын түсінуге болады ғой. Абақтыда жатқанда оған үш рет медициналық көмек шақыртылған. Біріншісінде тісі ауырса, екінші және үшінші жағдайда бел омыртқасы мазалаған. ҰҚК-нің тергеу абақтысына арыз-шағымы жоқ. Жалғыз өзі бір камерада отыр. Әзірге түрмеге жіберілмеді. Ол жағы шешілетін шығар. Оған туыстары жіберілмейді, ағасы да қанша уақыттан бері кіре алмай отыр. Оған рұқсатты енді судьядан сұрап көреміз. Базбіреулер басында жарасын байқадық дейді. Басы ешқандай да жарақаттанбаған», - дейді қорғаушы Мархаба Жақыпова.
Дегенмен сот отырысы кезінде Тоқтар Төлешовтің көңіл күйі көтеріңкі жақсы болғаны байқалды. Ол айыпталушы ретінде сотқа келген бұрынғы әріптестері мен Еңбекші аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкерлеріне күліп амандасып, сөйлесіп те алды. Алайда сотталған Төлешовпен сөйлескендер сот хатшысынан ескерту алды.
Қорғаушы сондай-ақ Төлешовтың қызметкерлері мен бұрынғы адвокаты Евгений Яворский қазір оған қарсы айыптаулар айтып жатқанын айтты.
«Авокат Яворский қазір оған қарсы айыптау жауабын берген Сәбит Алдабергеновтың қорғаушысы болып отыр. Бұл былайша қарағанда адвокаттық этикаға жатпайды. Ол негізінде бұл іске араласудан бас тартуы керек еді. Ол алғашқы сотта да Төлешовке қарсы шығып,куәгер ретінде жауап берген болатын», - дейді қорғаушы.
Еске салайық, бұған дейін елде лаңкестік төңкеріс жасамақ болды деп 21 жылға сотталған Тоқтар Төлешовке енді экономикалық қылмыстар бойынша айып тағылуда. Ол қылмыстарды жасауға қолғабыс еткен тағы сегіз адам да сотқа шақыртылды . Олардың арасында Шымкент қаласына қарасты Еңбекші аудандық Мемлекеттік кірістер басқармасының төрт қызметкері де бар.