Төлешов - трансұлттық қылмыстық қауымдастық өкілі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Тоқтар Төлешов халықаралық қылмыстық қауымдастықтың белді өкілі ретінде қылмыс әлемінің беделді мүшелерін қаржыландырған.
None
None

Нақты айтқанда, ол «Братский круг» трансұлттық қылмыстық қауымдастығымен тығыз қарым-қатынас ортанып, оның көшбасшылары мен беделді мүшелеріне қаржылай көмек көрсетіп отырған. Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің өкілі Руслан Карасев хабарлады.

Тергеу нәтижесінде Т. Төлешовтің «Дед Хасан» деген лақап атпен есімі мәлім беделді қылмыскермен, Георгий Сорокинмен (лақап аты «Жора Ташкентский»), Гафур Рахимовпен (лақап аты «Черный Гафур»), Нозин Жұмаевпен (лақап аты «Максим Бухарский»), Ілияс Сұлтановпен (қылмыс әлеміндегі лақап аты «Дядя Ильяс») тұрақты қарым-қатынаста болғаны анықталған. ҰҚК мен ІІМ-нің қызметкерлері құрамына енген ведомствоаралық жедел тергеу тобы Т. Төлешовтен аталған тұлғаларға тұрақты түрде ірі көлемде қаражат аударылып отырғанына бұлтартпас дәлелдер тауыпты.

Тергеуден мәлім болғаны, Т. Төлешов Г. Рахимов пен Н. Жұмаевтың тікелей қатысуымен және көмегімен Өзбекстандағы бірқатар коммерциялық нысандарды иеленеді. Бұған мысал, «Шорлық» қонақ үйі, бояу-сырлау зауыты, «Ләззат» кондитер фабрикасы, сондай-ақ, шымкенттік кәсіпкер «Узпромстройбанктің» ірі акционерлерінің қатарына кірген. Атап айтарлығы, Т. Төлешов Қазақстанда «Шымкентсыра» ЖШС-нің директоры ғана емес, құрамына шыны шығаратын зауыт, «Шымкент пикчерс» киностудиясы, оңтүстікқазақстандық аграрлық одақ және бірқатар басқа нысандар кірген «Дархан» ірі холдингінің де қожайыны екені анықталды. Холдингтің Ресей, Қырғызстан, Тәжікстанда филиалдары бар.

Руслан Карасевтің айтуынша, Т. Төлешовтің Шымкент қаласының аумағында «Хасан ата», Г. Сорокин, Г. Рахимов және т.б. қатысуымен бірнеше рет жиын өткізгені бейнетаспаға жазылыпты. Өзінің қаржылай көмегіне айырбас есебінде «Сыра королі» атанған кәсіпкер Оңтүстік Қазақстан облысының қылмыстық ортасына ықпал етуге қол жеткізеді. Оған қоса, заңсыз жолмен ақша жинайтын және қылмыстық дауларды шешетін жетекші топ қалыптастырады.

Тергеуден мәлім болғаны, Т. Төлешов өзінің қылмыстық менмендігін іске асырып, беделін өсіру мақсатымен өз кәсіпорындарының күзет қызметінің базасында қаруланған ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оған басшылық етеді. Топ құрамында бақайшағына дейін мұздай қаруланған, тиісті оқу-жаттығудан өткен жауынгерлер ұстаған. Әскерилендірілген құрамды сырттай заңды етіп көрсету үшін әуелі оны «Смеж», кейін «Вымпел групп» деген күзет фирмасы ретінде тіркейді. Анықталғандай, ұйымдасқан қылмыстық топтың қажетіне деп Төлешов өзіне бағынышты адамдардың көмегімен оқ ататын қару, жарылғыш заттар сатып алады. «Кәсіпорындарында және басқа нысандарда жүргізілген тінту жұмыстарының нәтижесінде 10-нан астам оқ ататын қару, әскери гранаталар, тротилді жарылғыш заттар және ірі көлемде оқ-дәрілер табылды. Бұған қоса, Төлешовтің қылмыстық тобының қарамағында күзет фирмасының атына тіркелген 60-тан астам қызметтік қару болған»,- деп мәлімдеді Р. Карасев.

Осы топ Т. Төлешовтің тікелей бұйрығымен адам ұрлау, заңсыз бас бостандығынан айыру, адам жанын азаптау, адам өлтіру, біреудің мүлкін қасақана жою сияқты ауыр және аса ауыр қылмыстарды жүзеге асырады. Адамның жанын азаптау, қорлау көріністері фото және бейнетаспаға түсіріліп отырған. Баспасөз мәслихатында осындай фотосуреттер көрсетілді. Тінту барысында тәркіленген бұл айғақты материалдар қылмыстық іске қоса тігіліп, ал фотосуреттегі адамдар сотқа жәбірленуші ретінде қатысады. Тергеуден дәлелденгеніндей, Төлешов өз бандасының қажетіне қыруар ақша шығындаған. Оның жиынтық көлемі 200 млн. АҚШ долларынан асып түскен. Айтарлығы, ол қылмыстық тобының қызметін есірткі, қару-жарақ саудасынан, рейдерлік және т.б. қылмыстардан түскен қаражатпен іске асырған. Еске түсірсек, 30 қаңтарда Шымкентте арнайы операция кезінде ұсталған Төлешовтің үйі мен жұмыс орнынан қару-жарақ, есірткі заттары, оқу құралдары тәркіленді.

Айта кетелік, ҰҚК Т. Төлешовке қатысты қылмыстық істің негізгі эпизодтары бойынша тергеу аяқталғанын хабарлады. Аталған қылмыстық істің шеңберінде 25 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 300-ге жуығы куәгер ретінде өтуде.  

Соңғы жаңалықтар