Төлеутай Рақымбеков Батыс Қазақстандағы шаруа қожалықтарын аралады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Ауыл» партиясы атынан Президенттікке үміткер Төлеутай Рақымбеков Батыс Қазақстан облысының шаруа қожалықтарын аралады, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.
Кандидат ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген мамандармен кездесіп, сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Саладағы өзекті мәселелерді көтерді.
Теректі ауданына қарасты «Ахас» шаруа қожалығында 1400-ден аса ақбас сиыр бар. Бұл - жергілікті климатқа әбден бейімделген етті бағыттағы тұқым. Яғни, бұндағы ірі қаралардың орташа салмағы 550 келі тартады. Ешқандай химия қолданылмайды. Жайылымда жүріп салмақ жинайды. Президентікке үміткер Төлеутай Рақымбеков қыруар қаржыға шеттен мал сатып алғанша, осындай бағыттағы шаруа қожалықтарына қолдауды күшейту керектігін жиі айтады.
Осындай шаруа қожалықтары айналадағы елді мекен тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтып, ауыл түтінін өшірмей отыр. Бірақ, соның өзінде екі қолға бір күрек таппай, қалаға қарай сабылып жатқан жастар көп. Сондықтан, ауыл тыныс-тіршілігін дамытуға тың серпін керек.