Төлқұжат пен жеке куәлік қанша тұрады
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл құжаттарды 1,5 млн-нан астам азамат алды
Төлқұжат пен жеке куәлік қазақстандықтар арасында сұранысқа ие құжаттардың бірі болып қала береді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл құжаттарды 1,5 млн-нан астам азамат алды. Ал маусым айында 269 мыңнан астам құжат рәсімделді.
Төлқұжатты тіркелген жеріне қарамастан кез келген ХҚКО-да рәсімдеуге болады. 36 беттен тұратын төлқұжаттың құны – 34 600 теңге, 48 беттік төлқұжат – 51 900 теңге, ал балаларға арналған төлқұжат – 17 300 теңге.
Жеке куәлік алғаш рет 16 жастан бастап беріледі. Құжатты алғаш рет алу және жарамдылық мерзімі аяқталғаннан кейін ауыстыру кезінде мемлекеттік баж алынбайды. Ал жеке куәлік жоғалған жағдайда мемлекеттік баж мөлшері – 865 теңге.
Төлқұжат пен жеке куәлікті дайындау мерзімі – 15 жұмыс күніне дейін. Сондай-ақ екі құжатты да жеделдетілген тәртіппен рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған.
Айта кетелік бала шетелде төлқұжатын жоғалтса не істеу керектігі туралы жазған едік.