Төлқұжатын жоғалтқан қойшы отбасынан және бас бостандығынан айырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қойшы мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткені үшін бас бостандығынан айырылды, сонымен қатар ер адамды оның отбасы қалған елден қуып жатыр, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Маңғыстау облыстық сотының сайтына сілтеме жасап.
«Бейнеу аудандық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 392-бабының 1-бөлігімен А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотта анықталғандай, А. 2007 жылы Қазақстанға заңды түрде келіп, Бейнеу ауданына қарасты мал ауылда қойшы болып жұмыс істеген. Ол сол кездері төлқұжатын жоғалтып алады. 2016 жылы Өзбекстан Республикасына төлқұжатын қайтадан шығарту үшін барғанда, ондағылар 1996 жылы А.-ға азаматтық қателікпен берілгенін айтып, құжат беруден бас тартқан. Өзбекстанда үйсіз, жұмыссыз жүргендіктен және зайыбы, балалары Қазақстанда тұратындықтан, А.үйіне келуді жөн көріп, 13.07.2017 жылы амалсыздан Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтуге мәжбүр болған», - делінген Бейнеу аудандық сотының баспасөз қызметінің хабарламасында.
Сот үкімімен А. кінәлі деп танылып, оны Қазақстан Республикасының аумағынан бес жылға шығарылып, 6 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сот үкімі заңды күшіне енді.