Томас Бахтың орнына ХОК басшысы лауазымына кімдер үміткер бола алады

АСТАНА. KAZINFORM – Алдағы уақытта Халықаралық Олимпиада комитетінің (ХОК) жаңа президенті сайланады. Өз кезегінде Комитеттің қазіргі басшысы Томас Бах осы қызметтен кететінін растады.

Кого прочат в кандидаты на пост главы МОК вместо Томаса Баха
Коллаж: Kazinform/ wikipedia.org/Nicolas Créach/ theicons.net/ cdeportiva.com

Бұл тұрғыда ХОК басшысы лауазымына кім келуі мүмкін екенін және осы жайында сарапшылар не айтып жатқанын көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдік.

Әзірге, Томас Бахтың орнын басатын бір ғана үміткер белгілі, яғни Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының басшысы Себастьян Коудың есімі аталып жүр. Ол 2025 жылғы наурызда өтетін сайлауға қатысу мүмкіндігін қарастырып жатқанын ашық айтты. Бұл туралы Sport.kz жазады. https://www.sports. /news/stal-izvesten-pervyiy-pretendent-na-post-prezidenta-mok-posle-uhoda-tomasa-baha

Париж Олимпиадасы жабылар алдында журналистер Себастьян Коудан наурыздағы сайлауға қатысу мүмкіндігі туралы сұрады. Өз кезегінде ол «егер аталған лауазымға сайлануға тиісті мүмкіндік болса, оны міндетті түрде қарастыратынын» атап өтті. Ал BBC және The Guardian сияқты британдық БАҚ оның мәлімдемесін ХОК төрағалығына бәсекеге түсуге дайын екендігінің «айқын белгісі» деп жариялап жатыр.

Атап айтқанда, Себастьян Коу бұған дейін осындай мәлімдемелерін жасап жүрген еді. Бұған қоса, биылғы Олимпиада кезінде де ол алжирлік және тайваньдық спортшылар Иман Хелиф пен Лин Ютингтің бокс турниріне қатысу мәселесін шешуге қатысты ХОК-тың көзқарасына көңілі толмайтынын ашық айтты. Бұл спортшыларды Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) гендерлік тестілер негізінде жарыстардан шеттеткен еді. Екеуі де Парижде алтын медаль жеңіп алды. Коудың пайымынша, оларға қатысты ХОК-тың саясаты «нақты әрі түсінікті» болуы тиіс.

Себастьян Коу ХОК басшысы лауазымына дауыс беру науқаны туралы айта келе, 2025 жылғы сайлауда бәсекелестік өте жоғары болатынын сөз етті.

Сарапшылардың жазуынша, Томас Бахтың орнын басатын үміткерлердің қатарына ХОК вице-президенттері Николь Хувертс пен Хуан Антонио кіші Самаранчты, сондай-ақ ұйымның Спортшылар комиссиясын басқарып жүрген Кирсти Ковентри еніп отыр.

Айта кетейік, Николь Хувертс (Аруба) синхронды жүзу спортшысы ретінде танымал. Николь 2006 жылдан бері Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі және қазір ХОК Атқарушы комитетінің мүшесі. 2021 жылдың шілдесінде ол ХОК вице-президенті ретінде сайланды.

Хуан Антонио кіші Самаранч (1959 жылы 1 қарашада туған) — испандық спорт қайраткері және халықаралық Олимпиада қозғалысының қайраткері. Ол 2001 жылдан бері Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі.

ХОК басшысы лауазымына үміткер Кирсти Ли Ковентри Сьюард - зимбабвелік жүзуші әрі саясаткер, халықаралық олимпиадалық қозғалыстың қайраткері, екі дүркін Олимпиада чемпионы, бірнеше рет әлемдік рекорд орнатқан.

Француздық L'Equipe басылымының жазуынша, аталған сайлауға Францияның Ұлттық Олимпиада комитеті мен Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) президенті Давид Лапартьян да қатысуы мүмкін.

Давид Лапартьян 1973 жылы дүниеге келген. 2005 жылы ол Халықаралық велосипедшілер одағының (UCI) басқару комитетіне сайланды. 2009 жылы ақпанда Франция велоспорт федерациясының президенті болды, ал 2013 жылы 23 ақпанда осы лауазымға қайта сайланды. 2013 жылдың наурызында ол Еуропа велоспорт одағының президенті ретінде бекітілсе, сол жылдың 28 қыркүйегінде Халықаралық велосипедшілер одағының вице-президенті болды. 2021 жылы ол жаңа төрт жылдық мерзімге UCI президенті болып сайланады.

Еске салайық, Томас Бах Халықаралық Олимпиада комитетін 2013 жылдың күзінен бері басқарып келеді. 2021 жылы ол төрт жылдық мерзімге қайта бекітілді, яғни Олимпиада хартиясының ережелеріне сәйкес осы лауазымға соңғы рет сайланды. Т. Бахтың өзі ХОК Атқарушы комитетінен ұйым басшысын сайлауды 2025 жылдың 26 ​​наурызына белгілеуді сұраған. Жаңа президент қызметіне келесі жылдың 24 маусымында кіріседі. 

Соңғы жаңалықтар