Төмен рейтингті әкімдер орындарынан босатылуда - ҚР Президенті Әкімшілігі

АСТАНА. 2 қазан. ҚазАқпарат - Рейтинг нәтижелері бойынша, биыл түрлі деңгейдегі 12 әкім лауазымдарынан босатылды.

Төмен рейтингті әкімдер орындарынан босатылуда - ҚР Президенті Әкімшілігі

Бұл туралы бүгін Астанада «Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау» атты II халықаралық конференция барысында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бауыржан Байбек мәлім етті.

«Әрбір қазақстандық өзінің тұрғылықты жеріне қарамастан, оның әкімі нендей шаруаларды тындырғандығын, қаншалықты тиімді жұмыс жасайтындығын біліп отыруы тиіс. Рейтинг түрлі 42 көрсеткіш бойынша белгілі бір әкімнің жұмысына баға береді. Осылайша халықтың есеп беру мәдениетін қалыптастыруға үлкен септігін тигізді. Рейтинг нәтижелері бойынша, биыл түрлі деңгейдегі 12 әкім лауазымдарынан алынды», - деді Б.Байбек.

Оның айтуынша, әкім саяси лауазымға тағайындалғаннан кейін, егер бір жыл көлемінде тиісті көрсеткіштерге, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізе алмаса, сондай-ақ оның қарауындағы аудан өзгелерден қалыс қалып жатса, комиссия оның төмен көрсеткіш көрсетуінің себебін талқылайды. Белгілі бір менеджер қаланың немесе ауданның даму динамикасын қамтамасыз ете алмаған болса, екі тоқсаннан кейін ол орнынан босатылады.   

Еске сала кетейік, әкімдердің жұмысын бағалау рейтингісі екі жыл бұрын жасала бастады. Қазіргі уақытта әкімдердің жұмыс сапасын көрсететін бұл көрсеткіштер БАҚ беттерінде жарияланып, халықтың кең талқылауына ие болып отыр.