Тони Блэр елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, мемлекет қаржысы үнемдеуге ықпал ететін болады - СІМ
АСТАНА. 24 қазан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Жаһандану заманында тәжірибелі шетелдік кеңесшілерді тарту - бүкіләлемдік тәжірибе болып есептеледі.
Осыны ескере отырып және еліміздің
сәтті дамуына қолғабыс ету мақсатында көптеген шетелдік мемлекет қайраткерлері Қазақстанның экономикалық саясат пен мемлекеттік басқару, халықаралық саясат сияқты бағыттар бойынша кеңес беруге ниет білдірді. Осындай азаматтардың арасында Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-Министрі Тони Блэр де бар»,-деп мәлімдеді бүгін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев журналистермен болған апталық брифингте.
Оның сөзіне қарағанда, шетелдік кеңесшілердің көмегіне жүгінуге бағытталған тәжірибе - бұл шараның маңызды әрі нақты нәтиже беріп отырғандығын көрсетті. «Мысалы, шетелдік кеңесшілер елдің инвестициялық тартымдылығын арттырып, елдің әрі қарай ерекше қарқынмен дамуына әсер ететін заманға сай заңдар қабылдауға ықпал етеді. Үкіметтің кеңесші ретінде Тони Блэрді таңдауы мемлекет қаржысын айтарлықтай үнемдеп, елдің инвестициялық жағдайы оңалтылып, жаңа жұмыс орындары ашылады, осыған қарай мемлекет қоржынына түсетін қаржы да арта түседі деген сенім бар. Сонымен қатар, елдегі мемлекеттік бағдарламалар да тиімді іске асырылады»,-деді ресми өкіл.