Тони Блэр министрлер мен әкімдерге мемлекеттік басқарудың тиімді тетіктерін атап берді

АСТАНА. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр Астанада мемлекеттік басқару ісінің қыр-сыры жайында баяндап, министрлер мен әкімдер алдында дәріс оқыды.
None
None

ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында өткен дәріс барысында Ұлыбританияның бұрынғы Үкімет басшысы Тони Блэр трансформациялық өзгерістерді жүргізудің бірнеше бағыттарын атап берді.

«Біріншісі - басымдықтарды дұрыс орналастыру. Өз тәжірибем көрсеткендей, сіздер тек 4 немесе 5 ауқымды, жаһандық бағыттарды жүзеге асыра аласыздар. Сөзсіз, Үкімет қойылған міндеттердің барлық диапазонын қамтуы тиіс. Ал мемлекеттік биліктегі көшбасшы басымдықтарды қоя білуі шарт. Бұл мәселе саяси басшылар үшін аса маңызды. Екіншісі - сіздер басымдықтарды орналастырғаннан кейін, аталған өзгерістерді қамтамасыз ету үшін тиісті саясатты жасақтауларыңыз керек. Саясатты жобалау жұмысы да өте сауатты болу қажет. Өйткені алға қойған мақсаттар өте жақсы болуы мүмкін, бірақ сауатты саясатсыз сіздер қажетті нәтижелерге қол жеткізе алмайсыздар», - деп атап көрсетті саясаткер.

Оның айтуынша, саяси жоспарды құруда мемлекеттік басқарудағы басшылар уақыттарын аямай шығындауға тура келеді.

«Басымдықтар айқындалып, саясат құрылғаннан кейін, ең ірі жұмыстардың бірі - олардың іске асырылуы, өмірге келтірілуі болмақ. Егер сіздер өзгерістерді жүзеге асыруды қолға алғыңыз келсе, сізге аталмыш өзгерістерді бақылап, мониторинг жасауға мүмкіндік беретін тетіктер қажет. Ол сіздердің мемлекеттік басқарушылардың тиімділігін бақылауға да мүмкіндік береді. Мониторинг жасауға сізге даму үдерістері туралы шынайы ақпарат керек», - деді Т.Блэр.

Оның атап көрсеткеніндей, сонымен қатар жобаларды тиімді жүзеге асыру барысында кадрлық әлеует те зор рөл атқарады. «Өзгерістерді қамтамасыз ету үшін, кадрлық өзгерістерді де атқару қажет. Оларды қайта даярлықтан өткізуге қаржы мен уақытты аямау керек», - деп түйді сөзін Т.Блэр.

Семинар әкімшілік реформаны іске асыру кезінде озық басқарушылық шешімдерді қабылдау және олардың «Қазақстан-2050» Стратегиясына сәйкес елдің дамуы мен бәсекеге қабілеттілігіне бағдарлану мәселелеріне арналған. Оған орталық атқарушы органдардың басшылары, вице-министрлер мен әкімдер, олардың орынбасарлары мен көрнекті саяси қайраткерлер қатысты.

Соңғы жаңалықтар