«Төңкерістер тізбегі кәрі құрлықты құрсамақ па?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 1 наурыз, сейсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Төңкерістер тізбегі кәрі құрлықты құрсамақ па?» - республикалық басылымдарға шолу

***

«Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы - Литваның Сырт­қы істер министрі Аудронюс Ажубалисті қабылдады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі нөміріндегі «Ұйыммен ынтымақтастық жалғасады» деген мақаласында. Баслымның атап өтуінше, кездесу барысында Қазақстан мен ЕҚЫҰ арасындағы ынты­мақ­тастықты дамыту мәселесі талқыланды. «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төр­ағалығы Ұйымның тарихында те­рең із қалдырды. Он бір жыл­дан кейін алғаш рет Астанада өткен саммитте Ұйымға мүше мем­ле­кеттер өздерінің ЕҚЫҰ-ның негізін құраушы қағи­дат­тар­ды ұста­на­тындықтарын тағы да қуатта­ға­ны өте маңызды. Литва Іс басын­дағы төраға ретінде өз жұмысын осы негізде жүргізетін болады», - деп атап өткен А.Ажубалис Президент Н.Назарбаевпен әңгіме барысында.

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жетекші БАҚ журналистерімен кездесті. Кездесу барысында Нұртөре Жүсіп («Ай­қын» газеті), Бигелді Ғабдуллин («Central Asia Monitor» газеті), Артур Платонов («КТК» теле­арна­сы), Юлия Синчук («Хабар» агенттігі» АҚ), Нұрлан Ерімбетов («Астана» телеарнасы), Ләззат Таныс­бай («Қазақстан» РТРК» АҚ) Мемлекет басшысына бірқа­тар кө­кей­кесті сұрақтар қойды. Ақордадағы кездесу жөніндегі кеңейтілген мақала осы басылымның келесі нөмірінде жарияланады.

***

«Бүгінде қоғамда кеңінен талқыланып, кабельдік операторлар мен сөз бостандығын қорғайтын ұйымдар тарапынан қатал сыналып жатқан «Телевизия туралы» заң жобасының болашағы әлі де белгісіз. Бірақ отандық және шетелдік арналардың қызметін бірдей реттейтін заңның қажеттігі даусыз. Байланыс және ақпарат министрлігі өкілдерінің мәліметі бойынша, бүгінде елімізде 150 кабельдік оператор жұмыс істейді, олар 60-тан 120-ға дейін әрқилы арналардың пакетін ұсынады. Олардың 80%-дан астамы - шетелдік арналар. Ал кабельдік операторлардың мәліметінше, бүгінгі таңда халықтың 73 пайызы кабельдік және спутниктік арналарды қараса, 17 пайызы эфирлік отандық телеарналарды көреді екен. 9 пайыз халық мүлдем теледидар қарамайды», - деп жазады «Айқын» газеті. Жазылған жайт төңірегінде мол ақпаратқа қаныққыңыз келсе, басылымдағы «Ақпараттық қауіпсіздікті сақтауға кім қарсы? Халықтың 73 пайызы кабельдік және спутниктік арналарға әуес...» деген тақырыптағы мақалаға көз жүгіртіңіз.

Осы басылымда «Қазақ жылқысын қайта тірілткен кітап» деген тақырыппен мақала жарық көрді. Этнограф, тарих ғылымдарының докторы, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері Ахмет Тоқтабайдың жоғарыда аталған кітабында Қазақстанның барлық аймағын, Моңғолияны, Қытайдың Алтай, Іле, Тарбағатай өңірін, Өзбекстан, Түрікменстан, Ресейді адақтап, тірнектеп жинаған деректері қамтылған. «Бұл альбом кітаптың құндылығы неде? Құндылығы сол, бұл басылымнан жылқы тарихынан бөлек, жылқының жүріс түрлеріне, жылқыға байланысты мамандықтарға, ат ойындарына, жылқы түстеріне, аттың сынына, ат әбзелдерінің түрлеріне, қазы атауларына, қымызға арналған ыдыс атауларына, қамшы түрлеріне, қамшылау әдістеріне, жылқыға арналған ән мен күйлерге, тағалар тарихына, бір сөзбен айтқанда, жылқыға қатысы бар қандай да бір мәліметтерге толығынан қаныға аласыз», деп жазады басылым.

***

«Төңкерістер тізбегі кәрі құрлықты құрсамақ па?». Осы тақырыппен «Алаш айнасы» газетінде жарық көрген мақалада алдымен Африканың солтүстігінен басталған төңкерістер тізбегі өзге құрлықтарды да шарпып үлгергендігі жайында жазылған. «The Wall Street Journal басылымы тағы бірнеше мемлекетте төңкерістер орын алуы мүмкін деген болжам айтады. Бәлкім, бұл субъективті пікірлердің жиынтығы болуы да мүмкін, десе де газеттің болжамынша, төңкерістер тізбегі Кения, Камерун, Пәкістан, Нигерия, Индонезия, Марокко, Иордания сияқты мемлекеттерді де басып өтуі мүмкін дегенге саяды. Қалай болғанда да, бүкіл әлемнің назарын өзіне аударған осы оқиғалар ғалам үшін ең басты құндылық қауіпсіздік пен тұрақтылық екенін тағы бір еске салғандай», - делінген мақалада.

«Кеше Орталық сайлау комиссиясы тағы екі үміткерді Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркеді. Енді Қазақстан Патриоттары партиясының төрағасы Ғани Қасымов пен «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мелс Елеусізов сайлау науқанына алаңсыз кірісетін болады», - деп жазады «Алаш айнасы» газеті бүгінгі нөміріндегі «Президенттікке кандидаттар саны төртеу болды» деген мақаласында. Сонымен қатар осы мақалада кеше Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұловтың Даан Эвертс бастаған ЕҚЫҰ Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы миссиясының өкілдерімен кездескендігі жайында да жазылған.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы - Литва Рес­публикасының Сыртқы істер министрі Аудронюс Ажубалиспен кездесті. Кездесу барысында 2011 жыл­ғы Литва төрағалығындағы ба­сым­дықтар, сондай-ақ екіжақты және көпжақты тұрпаттағы пар­ла­ментаралық өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Президенттік сайлауға қатысты Сенат Төрағасы: «Біз халықаралық стандарттарға сай ашық және әділ сайлау өткізуді толық қамтамасыз етеміз», - деді. Төрағаның айтуынша, сайлауды байқау жөніндегі міндеттерді орындау үшін барлық қажетті жағдай жасалатын болады.