Тоныкөк пен Теркін ескерткіштерінің көшірмелері Еуразия ұлттық университетінің атриумына қойылады
АСТАНА. Ақпанның 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Моңғолия жеріндегі Тоныкөк пен Теркін ескерткіштерінің көшірмелері Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің атриумына қойлатын болады.
Бұл туралы бүгін Астанада өткен 2009-2011 жылдарға арналған «Мәдени мұра» Ұлттық стратегиялық жобасын жүзеге асыру жөніндегі Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық тарихи мұраны халықаралық деңгейде насихаттау бағыты аясында біз моңғол жеріне барып, Тоныкөк пен Теркін ескерткіштерінің көшірмесін жасатқыздық. Ескерткіштердің көшірмелері Қазақстанға жеткізілді. Барлығы бір жерде болсын деген ниетпен оларды Күлтегін ескерткішінің көшірмесі орналастырылған Еуразия университетінің атриумына қою жөнінде шешім қабылданды», деді отырыста М. Құл-Мұхаммед.
Министрдің айтуынша, Тоныкөк пен Теркін ескерткіштері көшірмелерінің ресми ашылу салтанаты алдағы бір-екі айдың ішінде өтетін болады.