Топ-менеджерлер мен миллиардер мінген ұшақ апатқа ұшырады

Оның бортында барлығы 11 адам: алты австралиялық, екі британдық, екі француз және 1 американдық болған. Олардың ішінде Sundance Resources директорларының бірі Джефф Уэдлок пен мультимиллионер Кен Толбот болған. Кен Толбот Жасыл құрлықтағы ең бай адамдардың бірі, оның дүние-мүлкі бір миллиард долларға тарта қаржыны құрайды.
Ұшақ Камерунға маусымның 19-ы күні ұшып шыққан және Конго Республикасының Янгаду қаласына келуі тиіс еді. Мұнда Sundance Resources кен өндіру компаниясы нысандарының бірі бар. Фирма өкілдері мен директорлар кеңесінің мүшелері Конгода темір рудасы өндіріліп жатқан кеніштің жай-жапсарымен таныспақшы болған екен.
Камеруннан ұшып шыққаннан кейін 25 минуттан соң әуе кемесімен байланыс үзілген. Ұшақтың өзі экраннан жоғалып кетті және одан кейін із-түзсіз жоғалды деп жарияланды.
Конго мен Камерунның өкімет орындары іздеу операцияларын бастады, оған құтқарушылар, полиция және әскерилер қатысты.
Бірнеше сағаттардан кейін ну орман ішінде әуе кемесінің бөлшектері табылды. Әзірге оның апат болу себептері белгісіз.