Топ-менеджерлерді даярлау мен қайта даярлаудың тұжырымдамасы әзірленеді
АСТАНА. 20 шілде. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Топ-менеджерлерді даярлау мен қайта даярлаудың тұжырымдамасы әзірленеді.
Бұл туралы бүгін BNews.kz интернет порталында өткен онлайн-сұхбат барысында Индустрия және жаңа технологиялар институты жанындағы «Қазақстандық индустрия дамыту институты» АҚ президенті Мейрам Қажыкен мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, аталған институт «Өнімділік - 2020» бағдарламасының операторы болып бекітілген болатын.
«Өнімділікті арттыруды жаңғырту тек қана техниканы, технологияны, негізгі қорды иеленумен шектелмейді. Бұл негізінен бизнес-үлгіні, бизнес-мәдениетті өзгерту болып табылады. Осы арқылы кәсіпорынның, компанияның құрылымына, қызметіне өзгерістер енгізіледі. Яғни бұл ретте менеджменттік, басқарушылық құзырлылыққа қатысты көптеген мәселелер қамтылады. Дәл бұл бағыттан келсек, біздің көптеген компаниялар басшыларына тренингтер, семинарлар мен оқытулар жетіспейтін тәрізді. Осыған орай, Қазақстан бизнес академиясымен бірлесіп жұмыс істеудеміз. Сондықтан да, қыркүйектің 1-іне дейін топ-менеджерлер мен орта буын менеджерлерді даярлау және қайта даярлаудың тұжырымдамасын әзірлемекпіз»,-дейді компания президенті.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда көптеген кәсіпкерлер, шағын және орта бизнес өкілдері өз салаларында оқып, біліктілігін жетілдіргісі келеді. Алайда өңірлердегі кәсіпорын басшыларына ондай жағдай қарастырылмаған. «Сондықтан да, өңірлерде кәсіпорын басшыларын қайта оқыту орталықтарын құру ойда бар. Сол кәсіпорындар орналасқан жерде тренингтер өткізу де ойланатын дүние. Әрине, бұнда әлі де жетілдіре түсетін мәселелер жеткілікті. Оның бір тармағы әдістеменің бірегейлігінде болып отыр», - деді М. Қажыкен.