Топан су басқан әлеуметтік нысандар қалпына келтіріліп жатыр

су басқан мектеп
Фото: Оксана Матасова/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Көктемде су басқан өңірлерде 67 әлеуметтік нысан зардап шеккен. Толығырақ Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпаратында.

«Тасқын су басқан өңірлер әкімдіктерінің ақпараты бойынша, 67 әлеуметтік нысан зардап шекті. Оның ішінде, 5 денсаулық сақтау мекемесі, 39 білім нысаны, 8 мәдениет мекемесі, 9 спорт нысаны және 6 әкімшілік ғимарат бар. Оның ішінде Ақтөбе облысында 3 нысан су астында қалды. Техникалық тексеру нәтижесі бойынша 23 нысан қайта салынады және 19 нысанға капиталды, ал 25 ғимаратқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі», — делінген министрліктің агенттік жолдаған сауалдың жауабында. 

Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, құрылыс жұмыстарына 100-ден астам мердігерлік ұйым, оның ішінде 3500-ге жуық жұмыс күші және 600-ға жуық техника тартылған. 

Сондай-ақ, министрліктен үйлердің құрылысына елімізде өндірілген, сапа бақылауынан және тиісті сертификаттаудан өткен материалдардың қолданылып жатқаны мәлім етілді. 

«Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 53 тұрғын үйдің құрылысы бітіп, тұрғындарға кілт табыс етілді. Одан бөлек, үйін басқан азаматтарға 2 276 тұрғын үй сатып алынды», — дейді министрліктен.

 

Соңғы жаңалықтар