Топар кентіндегі сібір жарасы: карантин алынып тасталды

карантин
Фото: Kazinform.kz

Қарағанды облысының Топар кентінде 9 қарашада сібір жарасы бойынша жарияланған карантин алынып тасталды. Шектеу шаралары кезінде елді мекенде халық пен мал арасында инфекцияның жаңа жағдайлары тіркелген жоқ, деп хабарлайды Kazinform.

Сібір жарасы бойынша карантинді алып тастау туралы шешімді заңға сәйкес Топар кентінің әкімі Абай аудандық аумақтық ветеринариялық бақылау және қадағалау инспекциясының бас мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторының ұсынысы негізінде қабылдады. 

«Топар кентінде 9 қарашадан бастап карантин алынып тасталды. Шектеу шаралары кезінде арнайы пеште дерт анықталған өгізшенің еті жойылды, барлық қажетті алдын алу шаралары жүргізілді. Аулаларды аралау және дезинфекциялау жұмыстары іске асырылды, барлық мал вакцинацияланды, халықпен әңгіме жүргізілді. Адамдар мен мал арасында инфекцияның жаңа жағдайлары анықталған жоқ. Бірақ жағдай бақылауда болады», – деді Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Қарағанды облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ержан Бекетбаев. 

Сондай-ақ ол вакцинациядан соң малды 14 күннен кейін ғана қатаң түрде тек арнайы белгіленген жерде және ветеринардың қарауынан кейін союға болатынын ескертті. Ауру жануарларды союға тыйым салынады. 

Еске сала кетсек, 26 қазанда Топар кентінің әкімдігі жергілікті тұрғындарға елді мекенде карантин жарияланғанын хабарлаған болатын. Белгілі болғандай, бір үйдің қожайыны ауырып тұрған 8 айлық бұқаны союға мәжбүр болған. Олар сойылған малдың етін сатуды жоспарламаған. Сол үйдегі үш адамнан сібір жарасы анықталды. Дәрігерлердің қабылдаған барлық шараларына қарамастан, сібір жарасын жұқтырып, жан сақтау бөлімінде жатқан 1948 жылғы пациент қайтыс болды.

Соңғы жаңалықтар