Топар МАЭС-іне атмосфераға шығарылған зиянды заттар үшін айыппұл салынды

ҚАРАҒАНДЫ.KAZINFORM - Қарағанды облысындағы Топар МАЭС-іне атмосфераға шығарылған зиянды заттар үшін айыппұл салынды. 

МАЭС
Фото: Павлодар облысының әкімдігі

Тексеруді облыстық экология департаменті жүргізді.

Тексеруге «Благо-Дарю» қоғамдық қорының өтініші негіз болды.

Мамандар кәсіпорында бірқатар экологиялық талаптардың бұзылғанын анықтады.

Екінші кезектегі қазандық цехында №8 қазандықтың бұзылғаны белгілі болды.

Соның салдарынан айналаға түтін, зиянды заттар мен газ тараған.

Инспекторлар сондай-ақ Экологиялық кодекстің 207-бабы талаптарының сақталмағанын тіркеді.

Бірінші кезектегі жабдықтарды тексеру кезінде шлам арнасының толып кеткені анықталды.

Бұл жағдай шламның шамадан тыс жиналуынан және технологиялық режимнің сақталмауынан туындаған.

Аталған бұзушылықтар Экологиялық кодекстің 206-бабына қайшы келеді.

Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорынға заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқау берілді.

Кәсіпорынға жалпы сомасы 1 млн 946 мың 250 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Осыған дейін Теңізшевройлға 53 млн теңге айыппұл салынғаны туралы жаздық.