Топырақ пен тыңайтқыштар: зертханалық бақылау несімен маңызды
АСТАНА. KAZINFORM - Топырақтың сапасы ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігіне және өнімнің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан топырақ пен тыңайтқыштардың құрамындағы нитраттар мен ауыр металдарды анықтау агрохимиялық және санитариялық бақылаудың маңызды бағыттарының бірі.
Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығының (СЭСО) химиялық зерттеулер зертханасының меңгерушісі Әлия Бейсембаеваның айтуынша, тұрақты зертханалық талдау топырақтың жай-күйін дер кезінде бағалауға, нитраттардың деңгейін анықтауға және ауыр металдармен ықтимал ластану белгілерін айқындауға мүмкіндік береді.
– Қазіргі ауыл шаруашылығын тыңайтқышсыз елестету қиын. Алайда оларды дұрыс қолданбау топырақта және өсімдік өнімдерінде нитраттардың шамадан тыс жиналуына әкелуі мүмкін. Нитраттардың жоғары мөлшерде жиналуына көбіне азотты тыңайтқыштарды мөлшерден артық енгізу, қоректендіру мерзімдерін сақтамау және агротехникалық талаптардың бұзылуы себеп болады.
Нитраттардың артық мөлшері көкөніс, жеміс-жидек пен көк өнімдерінің сапасына кері әсер етуі ықтимал. Мұндай өнімдерді тұрақты тұтыну адам денсаулығына белгілі бір қауіп төндіруі мүмкін, - дейді ол.
Мамандар ауыр металдардың құрамына да ерекше назар аударады. Оларға қорғасын, кадмий, сынап, күшән, мыс, мырыш және басқа да элементтер жатады. Ауыр металдар топыраққа өнеркәсіптік шығарындылар, көлік магистральдары, сапасыз тыңайтқыштарды қолдану, сондай-ақ өсімдіктерді химиялық қорғау құралдарын ұзақ уақыт пайдалану арқылы түсуі мүмкін.
Рұқсат етілген шекті мөлшерден асқан жағдайда ауыр металдар топырақта жиналып, өнім сапасын төмендетеді және ауыл шаруашылығы өнімдерінің ластану қаупін арттырады.
Санитариялық-эпидемиологиялық сараптама орталығы базасында мұндай зерттеулер заманауи талдау әдістерін қолдана отырып, зертханалық жағдайда жүргізіледі. Мамандар нитраттардың концентрациясын және ауыр металдардың мөлшерін анықтап, топырақ пен тыңайтқыштардың нақты жағдайы туралы сенімді ақпарат береді.
2026 жылдың басынан бері Орталықта 25 сынама зерттеліп, 288 зерттеу жүргізілді, оның ішінде 60 зерттеу ауыр металдарға қатысты. Зертханалық бақылау нәтижесінде хром бойынша 12 теріс көрсеткіш анықталды, сондай-ақ нитраттарға 25 зерттеу жүргізілді.
Зерттеу нәтижелері бойынша тапсырыс берушіге сынақ хаттамасы ұсынылады. Бұл құжат жер учаскесін, тыңайтқыштарды немесе өсірілетін өнімді одан әрі пайдалану бойынша негізделген шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Зертхана мамандарының айтуынша, топырақ пен тыңайтқыштарды тұрақты бақылау тыңайтқыштарды ұтымды пайдалануға, жердің құнарлылығын сақтауға, өндірістік тәуекелдерді азайтуға және ауыл шаруашылығы өнімдерінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Нитраттар мен ауыр металдарға зертханалық талдау жүргізу - ықтимал қауіптердің алдын алуға бағытталған маңызды профилактикалық шара. Ол өнім сапасын қорғауға, тәуекелдерді дер кезінде анықтауға және тұтынушылар үшін қауіпсіз ауыл шаруашылығы өнімдерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.