«Төре түлік төрге озсын десек...»- республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Қаңтардың 6-сы. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда қаңтардың 6-сы, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

«Еуропада мерекелік демалыстар жалғасуда. Австрия астанасы тұрғындары біразға созылған Жаңа жыл және бірқатар діни мейрамдарға орай үзілістен шығуға асығар емес. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның мәжілістер қызметі де ресми түрде демалыста болғанмен, Ұйым Хатшылығы өз жұмысын біртіндеп жандандыруда. Осындай мереке күндері арасында қазақ дипломатиясы ЕҚЫҰ-ға төрағалығына байсалды кірісіп кетті», - деп жазды «Егемен Қазақстан» газеті. Толығырақ басылымның бүгінгі санындағы «Қазақстан төрағалығының алғашқы мәжілісі» деген тақырыптағы мақаладан оқи аласыздар.

«Төре түлік төрге озсын десек...». Осы тақырыппен берілген аталмыш басылымдағы келесі мақала қазақ үшін жылқының орны бөлек екендігін, жылқы шаруашылығын дамыту керектігін жазыпты. «Қазақ пен жылқы егіз ұғым десе де болғандай. Қаншама ғылым мен техника жетістіктерін игердік, өркениетке жеттік дегенмен төре түлік біздің ұлттық брендіміз болуы керек-ақ. Жылқы өсіру тек қазақтығымызды көрсету үшін емес, нарықтық жағдайда пайданың да көзі болғалы тұрғанын ескеретін кез келді»,- дейді басылым.

«Білім болмай жақсы жазушы, жақсы ақын шығатыны бекер. Мұқағалидан естіген әңгімем еске түседі, соғыстың аш-құрсақ жылдарында биені еметінбіз дейді. Сұмдық сурет қой! Сол айтқандай, білімге шөлдеген біздер де кітапхананы кәдімгідей «саудық». Кітапты тоқылған торқалтамен толтырып әкеліп, оқып болған соң қайта апарып тапсырамыз. Сөйтіп жүріп оқыдық»,- дейді Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әлі «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында. Замананың заңғар ақынымен ой бөліскіңіз келсе, басылымның бүгінгі санындағы «Құбылыс» тақырыбымен берілген сұхбатқа назар аударыңыз.

***

«Он тоғызыншы маусымға даярлық қалай?». Осы тақырыппен берілген «Жас Алаш» газетіндегі келесі мақала ендi үш айдан кейiн футболдан Қазақстан премьер-лигасының он тоғызыншы маусымы жалауын көтеретіндігін жазыпты. «Ел бiрiншiлiгiне қатысатын елiмiздiң он екi үздiгi аламан бәйгеге қатысуға дайындықтарын бастап та кеттi. Жаңа жылға дейiн демалыс алған командалар ендi ақпан айының соңына дейiн оқу-жаттығу жиындарын пысықтайды. Жыл құсы сияқты жылы жаққа сапар шегетiн командалар қазiрдiң өзiнде Қара теңiздiң жағалауына "ұшуға" даяр отыр»,- дейді басылым.

***

АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Джон Ордвей «Европа 2001» журналында жариялаған мақаласында елімізде істеген жылдары, дипломатиялық корпустың Астанаға көшуі турасында жазып, Қазақстанның табиғатынан алған әсерлерін айтыпты. Елші мақаласының орысша нұсқасымен толық танысқыңыз келсе, «Казахстанская правда» газетінің бүгінгі санын қараңыз.

Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығына кірісіп кетті. Осыған байланысты www.osce2010.kz ресми сайты да іске қосылды. Оның негізгі міндеті - ағымдағы жылғы Төрағалық қызметін ақпараттық қамтамасыз ету. Осы жөнінде хабарлаған «Казахстанская правда» газетінің жазуына қарағанда, сайтта медиа-кітапхана, бейне және аудио файлдарды жүктеу терминалы, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрі - Мемлекеттік хатшысының «ЕҚЫҰ үштігі» құрамындағы және Төраға ретіндегі қызметі туралы ақпараттар орналастырылған.

Соңғы жаңалықтар