Төрегелді Шарманов: Дәріден артық пайда тапқысы келгендерді халық алдында соттау керек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақ тағамтану академиясының президенті, медицина ғылымдарының докторы Төрегелді Шарманов қазіргі жағдайда дәрі-дәрмек қымбатқа немесе заңсыз сатып пайдаға кенелгісі келіп жүргендерді жазалауға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Моральдық тұрғыдан алғанда бұл адам жиіркенетін жағдай. Мұндай қылық біздің халыққа мүлде жат көрініс болатын. Осындай жағдайды жасап отырған адамдарда жүрек жоқ. Мидағы білімді жүрекке түсір дейді. Бұл – қалтасын ойлаған қатігез адамдар. Мұндай оқиғаларды жойып, аластату керек. Бұл адамдарды аяуға болмайды. Адамзат қырылып жатса, дәрілерді тығып, қымбатқа сатуға тырыссаң – адамдығың қайда қалды?» - дейді Төрегелді Шарманов «Antikor Live» жобасында берген сұхбатында.

Қазақ тағамтану академиясының президенті мұндай адамдарды халық алдында соттау керек деген пікір білдірді.

«Өкінішті-ақ бірақ қазақтың менталитетіне жат қылықтардың куәсі болып отырмыз. Олар – адам деген ұғымнан жат. «Қасқыр да қас қылмайды» жолдасына дейміз. Ал бізде өз басын ойлап, отандастарының ахуалымен мүлде санаспайтындар кездесті», - деді ол.

Еске сала кетсек бұған дейін Төрегелді Шарманов індет өршіген қазіргі жағдайда қандай тағам мен сусын түрлері пайдалы екенін айтып берген болатын. Оның айтуынша қазіргі індет өршіген жағдайда әр адам үйдегі жасы үлкен кісілердің жайын ойлауы керек.


Соңғы жаңалықтар