Төрегелді Шарманов: Жаңа латын әліпбиі - ұлтымыздың рухани кодексі
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Мемлекет және мәдениет қайраткерлері қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру бастамасына қатысты пікірлерін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тамақтану академиясының директоры, Алматы қаласының «Құрметті азаматы» Төрегелді Шарманов Елбасы латын әліпбиіне өту туралы Жарлыққа қол қоя отырып, болашаққа нақты қадам жасағанын айтты.
«Бұл біздің, ұлтымыздың рухани кодексі десек те болады. Елбасы бастамасының мәні зор, бұл - келешектің бақытты көрінісі, мақтанатын нәрсе. Латын графикасы - ол қазіргі жаңа технологияның, ғылымның, тіпті әдебиеттің тілі. Осы бастаманы Нұрсұлтан Әбішұлы қолдап отырғанына қуаныштымын», - деді ғалым.
ҚР бұрынғы Білім министрі Шәмша Беркімбаева латын әліпбиіне көшу үлкен дайындықты, жан-жақтылықты қажет ететін жұмыс екендігін айтты.
«Қанша уақыт бойы халықтың талқылауынан өтіп, түрлі ғалымдар мен тіл мамандары бұл жұмысқа жұмылдырылды. Осы өткізілген жұмыстардың нәтижесі ретінде Елбасымыз Жарлыққа қол қойып, халық назарына соңғы нұсқа ұсынылды. Осыған орай, Мемлекет басшысын елімізді осынау жаңа қадаммен құттықтаймын. Ендігі мәселе халықты ақпараттандыру, олардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу болып отыр», - деді ол.
Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Жадыра Дәрібаева латын әліпбиі бауырлас түркі халықтарымен біріге түсуімізге ықпал етеді деп санайды.
«Мен Елбасының қол қойған Жарлығын және оның бұл шешімін қолдаймын, толық келісемін. Себебі латын қарпіне көшудің уақыты келді. Ел болып, халық болып талқылауға қатыстық. Сондықтан қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру дер кезінде қабылданған шешім. Біздің қарқынды дамып келе жатқан мемлекетіміз үшін заман ағымымен қатар жүру - басты міндеттердің бірі. Қазақ өте бай тіл, ал латын әліпбиіне көшу арқылы біз соны көрсете аламыз деп ойлаймын. Сонымен қатар, өзге ұлттармен соның ішінде бауырлас түркі халықтармен етене араласуымызға жол ашылған секілді. Осы жасаған қадамнан біз жақсылық болмаса, жамандық көрмейміз», - деді ақын.
Композитор Алтынбек Қоразбаев латын әліпбиі әр қазақстандықты толғандыратын мәселе екендігін жеткізді. «Елбасының қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру туралы Жарлығы біз үшін қуанышты жаңалық болып отыр. Осы тұрғыда бұл дер кезінде қабылданған шешім. Себебі бізге болмаса да балаларымызға, кейінгі ұрпаққа латын графикасы - өте қажет дүние. Сондай-ақ, бізге тән латын әліпбиінің нұсқасын дайындау және бекітуді көп созбай, тиянақты жұмыс атқарылғаны қуантарлық жағдай», - деді Алтынбек Қоразбаев.
Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова Елбасының көптен бері талқыға түсіп отырған қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты шешімге қол қоюы Қазақстан халқы үшін ерекше күн екендігін атап өтті.
«Дүние жүзіндегі халықтардың 70 % латын қарпіне көшкені белгілі. Сол себептен бұл бізге қажет дүние. Елбасымыздың өзі бүкіл қазақ халқының тіл бірлігін сақтауымыз керек деп айтып жүр. Қазақтардың үштен бір бөлігі шет елдерде дейтін болсақ, бәріміздің басымызды тек тіл ғана біріктіре алады. Тілде бірлік болмаса, ұлттық бірегейлік болмайды. Осы тұрғыда түрлі ғалымдарымыздың, тіл мамандарының, қоғам қайраткерлерінің тағы да басқа көптеген тұлғалардың пікір білдіріп, қолдауы еліміздің келешегіне бей-берекет қарамағандығы деп қуанамын. Қазірдің өзінде еліміз әлем көшімен қатар даму үстінде. Халықаралық деңгейде ЭКСПО көрмесін өткізуіміздің өзі мемлекетіміздің қуаттылығын көрсетсе, латын қарпіне көшуіміз соны нығайта түседі деп ойлаймын», - деді Аягүл Миразова.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойған болатын.