Төремұрат батыр Тайлыбекұлы (1821-1863)
Төремұрат Тайлыбекұлы - Кіші жүздің Адай-Таз руының Жастабан тармағынан шыққан белгілі батыр. Қазіргі Атырау облысы Жылыой ауданында дүниеге келген.
Өтен, Нарынбай батырлардың үзеңгілес серігі болып, Ресей отаршыларына, Түрікпен аламандарына қарсы соғыстарда ержүректілігімен аты шыққан. Қаһармандығы үшін Адай-Таз руының ұранына айналған.
Ел аузындағы жазылған деректерге сүйенсек, ХІХ ғасырдың орталарында түрмеден қашып шыққан ұлы күйші Құрманғазы Исатай-Махамбет көтерілісінен кейін патша үкіметінен қорқып, нағашысы Төремұрат батыр еліне, көз сұғы түсіп басына бұлт үйірілгенде «ел бар ері болса» деп, «кәрі нағашыларым жатырқамас» деп әрі атышулы Төремұратты ес тұтып асығып жеткен екен. Адай-Таз елі Құрманғазының нағашы жұрты болған. Батыр күйшіні сырттай білетін. Домбыраның үнімен жеткен сиқырлы әуен жан-жүйкесін босатып, шіркін-ай, Құрманғазыдай құдірет иесін көретін күн туар ма дейтін. Күйші тағдырдың жазуымен босағасына келіп ат басын тіреді.
Батыр күйшіге құшағын ашып: «Бұл ел - сенің де елің. Күйші күңіренгенде күй шығарады деп естуші ем. Күңіренбе, күйші! Елдік пен ерліктің күйін төк қара домбыраның шанағынан. Төр де - сенікі! Мынау елдің ақ жүрегіндегі тілек те - сенікі», - дейді.
Жаралы көңілінің жан жарасына ем тапқандай Құрманғазы шабыттың пырағына мініп Жем, Үстірт бойында «Адай», «Төремұрат», «Тас астау - тас дере», «Ақсақ киік», «Төремұраттың ақ арғымағы» атты атақты күйлерін шығарады. Күйші ел құрметіне бөленіп, ел күйшінің өнеріне сүйініп таң атады, кеш батады.
Сол маңайдағы ел-жұрттың тағы бір тамсанып айтары - ақылына көркі сай Данай қыз екен. Бір тойға Данай бармақшы дегенді естіп, қыз ауылына Төремұрат батыр жанына Құрманғазыны ертіп арнайы келеді. Қыз Данай қос бұрымы жерге түскен, қиылған қас, ақша бет, ақмаңдайдың өзі екен. Қынама бел қамзолының өңіріндегі меруерттер сұлудың өзін ақ моншаққа ұқсатып жібергендей. Төремұрат батыр келді дегенде қыз Данайдың жүрегі аттай тулап, екі беті албырап, езуіндегі жымиысын жасыра алмай отырып қалды. Төремұрат пен Құрманғазыға қыз жанынан орын тиеді. Ән-жыр айтып, күй тартып дастарқандағы әдемі отырыс қыза бергенде, Төремұрат қыз Данайға көзінің қиығымен бір қарады. Қарады да көзін ала алмай қалды. Онысын байқап қалған қыз: «Батыр көзіңіз қисайып кетпесін», - деп күлімсірей сыбыр етті. Бұл сөз Төремұраттың намысына тиіп кетті. Жүзі күреңітіп үн-түнсіз отырды да, қыз Данайға бұрылып: «Сол иығыма құс еркесі - аққудың өзі келіп жайғасқандай», - деп еді. Қыз Данай: «Сол аққуыңыздың ұшатын уақыты да таяу», - деді. Мұнысы: басым бос емес, айттырулы жерім бар дегені болатын. Төремұрат: «Сол аққу құс өз қалауымен өзі ұша ала ма?» - дегенде, қыз Данай: «Сыңарын тапқан аққу құсқа шынжыр бөгет бола алмас», - деп жауап берді. Төремұрат: «Онда аққу құстың орманына өз орманымды матап байладым» - дегенде, қыз Данай: «Аққулар ажырамас болар?» - деді. Сөз бітті. Той тарқады. Төремұрат батыр қыз Данайды атына мінгестіріп алып, еліне жүріп кетті.
Ел аузындағы қыз Данай десе, дегендей еді. Әйтпесе, Құрманғазыдай күй құдырет иесі «Қыз Данайдың күлкісі», «Қыз Данайдың жүрісі», «Қыз Данайдың ажары», «Қыз Данайдың шәй құйғаны» атты күйлерін шығарар ма еді?! Сиқырлы сазға толы әсем ырғақты күйлер құлаққа сіңісті, жүрекке қонымды болып ел арасына тез тарап кетті.
Намысы күйген, келіні қолды болған жақ қарулы қолмен өре түрегелгенімен ел ақсақалдары басу айтып араға елші жіберді. Төремұрат бізді басынбасын, келінімізді қайтарсын десті. Батыр бұған жауап жоқ деді. Ақыры шарасы таусылған жауласушы жақ бір әдіс ойлап тапты. Елде айтқаны қате кетпейтін қарғысшыл қара кемпір бар еді. Күнкөрісі - қарғау. Сонысына қарай ақы алады. Қарғысы жасырын емес. Ашық түрде. Сол кемпір келді ауылға. «Ей, Төремұрат! Қайтейін. Батыр десе батырсың. Ел адамысың. Қарғайын десем жалғызымсың. Қарғамайын десем жалмауызымсың. Қарғауға алған ақым бар. Қарғамай тұрғанда қыз Данайды кері қайтар. Жөнге кел», - деді. «Қарғыстан қорқып қайтарар қатыным жоқ! Жөнел!» - деді Төремұрат батыр кемпірді оқты көзімен атып. Қарғысшы: «Ей, Төремұрат! Жетінші күннің батуына жетпей желкең қиылсын!» - деп ақыра бір айғайлады да жөніне кетеді.
Көңіл-күйі көтеріңкі Төремұрат батыр Жем бойындағы Қамыскөлге асығулы еді. Сонда қыз Данайды келін ғып түсіріп, ұлан-асыр той жасамақ. Құрманғазы бастаған бір топ серіктері болашақ той жабдығымен елге хабар бермекке ілгері озып кеткен. Қарғысшы діттеген жетінші күннің бозамықтанып таңы да атты. Бұл қалай дерің бар ма, Төремұрат батырдың көшіне Маңғыстаудың ойынан Қоңырат асатын ұзын жолда Хиуаның жолтосар қарақшылары тұтқиылдан тап берді. Жасанған жауға аз қол төтеп бере алмай қалды. Соңғы деміне дейін шайқасып, жастығын алып шәйіт болған Төремұрат батыр бақилық болып, айдай сұлу қыз Данай жау қанжығасында олжа болып кете барады. Сол түні бұл хабар қазақтарға жетеді. Соңынан қуып, жаудың ту-талақайын шығарып, Төремұратты Күйкен тауы маңындағы «Қырымның қырық батыры» делінетін Манашының анасы Күйкен ананың моласының қасына жерлеп, қыз Данайды айттырулы жеріне қайтарады. Сырты бүтін, іші түтін қыз Данай сұлу балалы болғаннан кейін құсадан қайтыс болады. Төремұраттай арысынан айрылған ел қайғы жұтып, батырды күңірене жоқтайды. Әсіресе, Құрманғазы асыл досынан айрылғанына сене алмай, алай-дүлей өкінішті сезімнің тереңіне бір батып, бір шығып жүріп, «Қыз Данайдың қырғыны» атты күйін шығарады. Жүректегі запыраны «Бозқаңғыр» атты күй болып тағы елге жетеді. Құрманғазы қара шанақты бебеулеткенде тыңдаған жанның жанарындағы жас мөлтілдеп жерге тамады.
Ел арасы тынышталып, арада біраз жыл өткен соң, Төремұрат батырдың басында белгі жоқ, бір төмпешік боп елеусіз жатыр деген қаңқу сөз алыстағы адай Сүйінғара батырдың құлағына жетеді. Бұл хабарды естіген ол бір топ қосшысымен Төремұрат батыр жастанған жерді іздеп табады. Қалың қорым ішіндегі елеусіздеу төмпешікті көргенде батырдың жүзі жауар бұлттай түнеріп сала берді. Дұға оқылып, қол жайылып, бет сипарын бітірген тұста Сүйінғара батырдың өткір көзі сол қорымдағы әдемі салынған молаға түсіп: «Бұл кімдікі?» - дейді жанындағылар: «Бәленше деген байдікі», деп жамырай үн қатады. «Ақ қаймаққа қылшығын қосып жеген сасық бай! Тірлігінде елге қайырымы тимеген мұндай мұндарлар өлгенде ешкімді де желеп-жебемейді. Қопарыңдар тасын! Бұзыңдар моласын! Төремұрат тек бір ру таздың батыры емес, елін, жерін жаудан қорғаған дүйім жұрттың марқасқасы. Осындай есіл ердің басына мола тұрғызып, белгі қоялық! Тентектің емес, еркектің ісін қылайық, жігіттер! Жауабын ертең Алла тағаланың алдында өзім берем!» - деп ақырады Сүйінғара батыр. Батыр әмірі орындалды. Белгісіз байдың тамы бұзылып, тасы Төремұрат батырдың басына көшті. Ертеңінде жүргіншілердің көз алдында айбарлы мола асқақтап тұрды. Ойылып аты құлпытасқа жазылды. Құрбандыққа мал шалынып, рухына бағышталып құран оқылады.
Екі ғасырға жуық уақыт өткен соң Жылыойдағы рулы ел бабаларының құлпытасын Маңғыстаудағы Үстірт бойынан іздеп тапты. Төремұрат батырды ардақтап, басына кесене тұрғызды деп естиміз. (Маржан ЕРШУ, «Егемен Қазақстан» газеті 31,10,2007)
Халық Төремұрат батыр Тайлыбекұлын палуан, мерген, домбырашы ретінде де қадірлеген. Халық ақындары шығармаларында Төремұрат батыр есімі жиі кездеседі.
Дерек көзі:
Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 8 том
Маржан Ершу, Құлпытас, «Егемен Қазақстан» газеті» (31\10\2007)