Торғай даласындағы тарихи ескерткіштерге қамқорлық қажет - Сапар Ысқақов
АСТАНА. Шілденің 30-ы. ҚазАқпарат /Жанна Қорқытова/ - Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында белгілі меценат Сапар Ысқақов журналистерге елең еткізер жаңалықты - қорған түрінде топырақтан үйіп жасалған бірегей геоглифтерді - рельефтік геометриялық өрнектерді тапқанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл өрнектерді спутниктен анықтап көруге болады.
Олар бұдан екі жыл бұрын Google Earth бағдарламасының ғарыштық түсірілімінің көмегімен Торғай даласынан табылған. Оның бірегейлігі сонда, олардың әрқайсысы белгілі бір пішінде болған. Барлығы осындай тоғыз нысан табылды. Олар: Үштоғай төрттағаны, Екідін кресі, Ащытасты крестері, квадрат, сақина және екі сызық түрінде, және т.б. Археологтардың болжамдарына қарағанда, олардың жасы шамамен біздің жыл санауымыздан бұрынғы 2-10 мың жыл. Оның дәл жасын алғашқы артефактілік жәдігерлер табылғанда ғана анықтауға болады.
Өткен айда құрамында журналистер мен археологтар бар экспедиция археологиялық нысандарды алдын ала зерттеу мақсатымен, сондай-ақ бірегей қорғандарды мұқият зерттеуге қоғамның назарын аудару үшін Қостанай облысының оңтүстігіне (Торғай аймағына) барып қайтқан.
«Экспедицияның негізгі мақсаты - өкімет орындарының және кәсіпкерлердің назарын аудару. Қорғандарды георадардың көмегімен көшіріп алу үшін жабдықтар сатып алуға қаржы қажет. Археологтар мен облыс тұрғындары бір қорғанды ашып көрмек болған, бірақ та одан әрі жұмыс жүргізу мүмкін емес, оны жойып алуымыз мүмкін», - дейді экспедицияға қатысушылар.
«Бүкіл әлемде сирек кездесетін мұндай тарихи ескерткіштерді ұрпақтарымызға қалдыру үшін оны сақтау қажет», - дейді Сапар Ысқақов.
Экспедицияға қатысушылар «Торғайды түлету» қоғамдық қорын құрып, осы тарихи ескерткішті мемлекет қорғауына алу үшін зерттеу керек деген ұсыныс айтады. Олардың пікірінше, Торғай қорғандарын ЮНЕСКО тізіміне енгізу қажет.