«Торпедо» ұпай саны жағынан алға шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемен қаласының "Торпедо" xоккей клубы сырт алаңда "Рубинді" жеңіп, ұпай саны жағынан алға шықты, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Торпедо» ұпай саны жағынан алға шықты

Ресейдің Түмен қаласында өткен кешегі ойында алаң иелері есепті тағы бірінші болып ашты. Бұған дейінгі матчта да солай болды. "Рубинннің" xоккейшілері алғашқы кезеңнің екінші минутында бір шайба салып кетті. Дегенмен, одан ары аса алмады. Ал үш минуттан кейін Талғат Жайлауов пен Майк Далxейсеннің пасынан кейін Константин Романов таразы басын теңестірді. Содан екі команда да алға шығуға тырысты. Қателіктер де, айып уақыты да, артық құрамда ойнау да болды. Алайда екінші және үшінші кезеңде шайба соғылған жоқ. Сөйтіп, ойын овертаймда жалғасты. Онда сәттілік "Торпедоға" серік болды. Евгений Рымарев тағы да көзге түсіп, өз командасына жеңіс әкелді.

Айта кетейік, бұған дейін Өскемен қаласында өткен екі матчта "Торпедо" бір рет ұтылса, бір рет жеңген болатын. Сол кезде Евгений Рымарев үш шайба соғып, xет-триктің авторы атанған. https://kaz.inform.kz/news/hokkey-torpedo-tarazy-basyn-tenestirdi_a3012158

Кешегі ойыннан кейін "Торпедо" 2:1 есебімен алға шықты. Жоғары xоккей лигасының финалына шығу үшін қарсыласты төрт рет жеңу керек.