Төрт адамның өмірін қиған жол апатына қатысты қылмыстық істер бақылауға алынды - БҚО прокуратурасы

БҚО прокуратурасының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, төрт кісінің өмірін қиып, 10 адамға дене жарақатын келтірген оқиға бойынша ҚР ҚК 345-бабы 4-бөліміне сәйкес (абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне соқтырған көлік құралдарын жүргізушілердің жол ережесін бұзуы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған еді. Облыс прокуратурасының нұсқауы бойынша аталмыш іс БҚО ішкі істер департаменті анықтау басқармасының өндірісіне қабылданып, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.
Зардап шеккендердің мүліктерін ұрлау дерегі ҚР ҚК 188-бабы 1-бөліміне сәйкес Бөрлі аудандық ішкі істер бөлімімен тергелуде.
Қылмыстық істердің тергелуі облыс прокуратурасының ерекше бақылауына алынды.
Оған қоса жолаушыларды көздеген жеріне жеткізу, соның ішінде қалааралық бағытта тасымалдау барысындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заңдылығына талдау жүргізілуде. Талдаудың нәтижесі бойынша тиісінше шаралар қабылданатын болады.
Еске сала кетейік, 2 маусым күні сағат 18.40 шамасында аталмыш жолдың 77-шақырымында Орал мен Ақсай қалаларының аралығында (Бөрлі ауданында) қос бірдей «Фольксваген Шаран» автокөлігі соқтығысқан болатын.