Төрт ай жалақы алмаған «Ордабасы» футболшылары жаттығудан бас тартты
5 қараша күні «Оқжетпес» қомандасымен сайысатын «ордабасылықтарды» жаттығудан гөрі жалақы мәселесі алаңдатып отыр.
«Біз жаттығуға шығудан бас тарттық. Барлығы біледі, біз төрт айдан бері жалақысыз жүрміз», - дейді Ордабасы командасының қақпашысы Алмат Бекбаев.
Ал команданың бас бапкері болса айлықтың кешігу себебін қажетті қаражатты дұрыс есептемегендерінен көріп отыр және мәселенің қараша айында шешілетініне сендірді.
«Жақсы нәтижеге қол жеткізу үшін командаға көптеген легионерлерді алдық. Соның салдарынан клубтың шығындарын дұрыс жоспарлай алмадық. Нәтижесінде ойыншылардың жалақысы сәл кешігіп жатыр. Мәселе қараша айында шешімін табады», - деп атап өтті «Ордабасы» ФК бас бапкері Бақтияр Байсейітов.
Футболшылар бұл уәдені кезекті алдаусырату деп түсінуде.
«Жаттығуға шығыңдар деді, бізге айлық екінші қарашада түседі деген. Тағы жоқ. Біз сенбейміз. Жалақыны алдағы болатын ойынға дейін тағы күте тұруға тура келеді»», - деді Алмат Бекбаев.
«Бас бапкер ойыншыларымен бір сағатқа жуық оңаша жиналыс өткізді. Алайда ұзақ әңгіме нәтижесіз болса керек, футболшылар жиыннан шыға сала жаттығуға емес үйді-үйлеріне тарқасты», - деп хабарлады телеарна.