Төрт айда 217 мыңнан астам жеңіл көлік тіркелді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдың қаңтар-сәуірінде елімізде 217 мыңнан астам жеңіл көлік тіркелді. Мұндай деректі ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Төрт айда 217 мыңнан астам жеңіл көлік тіркелді

«2020 жылғы қаңтар-сәуірде Қазақстан Республикасында 217592 жеңіл автомобиль тіркелген. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 29,5 пайызға кем. Қазақстан Республикасында 2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша тіркелген жеңіл автомобильдердің саны 3932,4 мың бірлікті құрады», - делінген комитет дерегінде.

Ведомство мәліметінше, осы жылғы қаңтар-сәуірде 3 335 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 4 820 адам зардап шеккен. Өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда жол апаты 21,4 пайызға кеміді.

2020 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру бойынша сақтандыру ұйымдары 10 млрд теңге сомасында 25 056 сақтандыру төлемін жүзеге асырды.