«Төрт елдің кубогында» Қазақстан құрамасы Өзбекстанды сүріндірді

АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат - Астанада бокстан өтіп жатқан «Төрт елдің кубогында» кеше Қазақстан Өзбекстанды ұтты. Ал Әзербайжан мен Украина 5:5 есебімен тең тарқасты.
None
None

«Аламан» агенттігінің жазуынша, кешегі кездесуді 49 келі салмақ дәрежесіндегі спортшылар әзербайжандық Мунасиб Мамедов пен украиналық Назар Куротчин бастады. Кеше ғана біздің Біржан Жақыповқа үлкен талас үстінде есе жіберген әзербайжандық оғлан бұл жолы батылдау қимылдады. Жеңіс те көп күттірмеді. Ал оның қарсыласы турнирде осымен екінші рет жеңіліске ұшырады. Бұдан кейінгі шайқаста да әзербайжан жігітінің десі басым болды.

52 келі салмақтағы Камран Меликов украин Александр Шепелюкті ұтып, Ілияс Сүлейменовтен кешегі жеңілісінің орнын толтырды. Бірақ бұдан кейінгі екі салмақта да Украина боксшылары жеңіске жетіп, жалпы есепті теңестірді. Мұнда Олег Прудкий - Самир Мамедовті (56 кг), Дмитрий Черняк Шабан Шахпаланговты (60 кг) ұтты.

Ал 64 келіге дейінгі салмақта Гейбатулла Гаджиалиев Олег Неклюдовты сүріндірсе, келесі салмақта Денис Лазарев Тамерлан Абдуллаевты (64 кг) жеңді. Сөйтіп, есеп тағы да тең жағдайға жетті - 3:3.

Бұдан ары тағы да жұптасып жеңу үрдісі қалыптасты. Енді украиндар осы кездесуде бірінші рет алға шықты. Оны Евгений Хитров (75 кг) пен Александр Ганзуля (81 кг) қамтамасыз етті. Олар тиісінше Султан Мигитинов пен Рауф Ахмедовтен басым түсті. Осылайша есеп аяқ астынан құбылып, 5:3-ке жетті.

Дегенмен, соңғы екі жекпе-жекте барын салған Әзербайжан елінің былғары қолғап шеберлері матчты сақтап қалды. Командаға бұл жетістікті Арсен Азизовті жеңген Тимур Мамедов (91 кг) пен Владимир Кацукті ұтқан Асхаб Абдуллаев (+91 кг) алып келді. Осымен есеп теңесті.

Ал Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы кездесуді Біржан Жақыпов (49 кг) пен Хасанбой Дусматов бастады. Өкінішке орай, біздің боксшы қарсыласының алдында әлсіздік танытты. Одан кейінгі кездесулерде Ілияс Сүлейменов - Жасур Латыповты (52 кг), Қайрат Ерәлиев - Шахриер Исақовты (56 кг), Берік Әбдірахманов - Фазлиддин Гаибназаровты (60 кг), Мерей Ақшалов - Санжарбек Рахмоновты (64 кг), Данияр Елеусінов - Уктамджон Рахмоновты (69 кг), ал Жәнібек Әлімханұлы Сухраб Абдуллаевты (75 кг) тізе бүктірді. Әділбек Ниязымбетов Елшод Расуловты (13:9) пен Иван Дычко Сардор Абдуллаевты (11:6) қиналмай жеңді. Тек Антон Пинчук Өзбекстан чемпионы Рустам Тулягановтан ұтылды.

Қорытынды есеп - 6:2, Қазақстан екінші кездесуінде жеңіске жетіп, турнир кестесінде көш бастады.

Елордадағы «Дәулет» спорт кешенінде өтіп жатқан бокстан дәстүрлі «Төрт елдің турнирі» 17 ақпан күні Өзбекстан - Әзербайжан, Украина - Қазақстан спортшылары арасындағы кездесулермен аяқталады.

Соңғы жаңалықтар