Төрт елдің құқыққорғау қызметкерлері самбодан өзара мықтыны анықтайды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда самбо күресінен халықаралық турнир өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында «Динамо» дене шынықтыру-спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жарыс «Динамо-Қазақстан» дене шынықтыру-спорт қоғамының 100 жылдық мерейтойына және генерал Рүстем Қайдаровты еске алуға арналған.
Спикер атап өткендей, турнир Ішкі істер министрлігі, «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігі, «Динамо-Қазақстан» дене шынықтыру-спорт қоғамы мен ҚР самбо күресі федерациясының бірлесіп, ұйымдастыруымен өтеді.
«Турнир биыл бесінші рет ұйымдастырылады. Оған Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен еліміздің әр өңіріндегі құқыққорғау органдарының спортшылары қатысады. Турнирде бірінші орын алған спортшыға «спорт шебері» атағы беріледі. Жарыс 5-7 мамыр күндері Алматыда Армия орталық спорт клубының спорт кешенінде өтеді», - деді А.Омарқұлов.