Төрт күнде 200-ден астам көлік қар құрсауынан шығарылды - министрлік

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Наурыздың 20-24 аралығында 200-ден астам көлік қар құрсауынан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Telegram каналына сілтеме жасап.

Төрт күнде 200-ден астам көлік қар құрсауынан шығарылды - министрлік

Министрліктің мәліметінше, мерекелік демалыс күндері еліміздің басым бөлігінде қарлы, кей жерлерде жауын-шашын мол көлемде түсті. Күн райына байланысты жолда қалып қойған көлік жүргізушілеріне бірінші болып жол саласының қызметкерлері көмекке келді.

«Осылайша, наурыздың 20-сы мен 24-і аралығында 200-ден астам көлік құралы қар құрсауынан шығарылды. Соның 65-і жылы бокстерге жайғастырылды. Ал 320 адам «Қазақавтожол» ЖШС жылыту пункттеріне орналастырылды»,-делінген хабарламада.